Ережені білген өкінбейді
Аудан тұрғындары арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 13-14 қыркүйек күндері Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде "Жолда қабылдау" акциясы өтуде.
Акцияны Қызылорда облыстың Полиция департаментінің бастамасымен аудандық полиция бөлімі ұйымдастырды.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген аудандық полиция бөлімінің басшысы Е.Сағидуллаұлы жұмыстарды ашықтыққа негіздеу, құқықтық кеңес беру, Заң талаптарын түсіндіру басты мақсат екенін атап өтті. Сонымен бірге, аталған акция құқықбұзушылық әрекеттерін азайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
"Жолда қабылдау" акциясында ішкі істер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін шығындарды қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі туралы құқықтық кеңестер берілді.
Айта кету керек, аудан әкімдігінің қолдауымен құқықтық кеңес беру бағытындағы іс-шаралар аудан мектептерінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
"ТТ"-ақпарат