Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіби мерекеде құрмет көрсетілді

Кәсіби мерекеде құрмет көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мере­кесінде ау­дан­дық редакция ұжымы баспа ардагер­леріне құр­мет көрсетті.

Карантиндік талаптарға сәйкес бұл жолы редакцияға шақырылмай, ардагерлердің үй-үйіне арнайы іздеп барған газет редакторының орынбасары Ердос Беркінбаев бастаған ұжым мүшелері барлық ардагерге сый-сияпат көрсетті. «Сыр медиа» ЖШС тарапынан көрсетілген құрметті редакцияның 4 ардагер-журналисіне тапсырды.

Алдымен ауданның бас ақыны, редакцияның қарт ардагері Мұхтар Сақтаповтың шаңырағында болып, басылымының бас редакторы А.Ибрагимұлының құттықтауы жеткізілді. Қарымды қаламгер – аудандық газетте ұзақ жыл еңбек еткен абыройлы азамат. Оның қаламынан шыққан туындылары оқырмандарының ыстық ықыласын алды. Ақын ағаның бірнеше кітабы жарыққа шықты. Өнегелі отбасында «Қазақстанның құрметті журналисі» зайыбымен немере-шөбере қызығына кенеліп отыр.

Мұнан соң ардагер-журналист Мүсілім Қалмұратұлы, Шаһарбек Нұр­сейітов, баспахана ардагері Сергей Тоқсанбаев, Шолпан Беркінбаева, Қазына Асықбаева, Шынар Әбдіқалықова, Жұмакүл Қожағұлова, газеттің бұрынғы редакторы Сәуле Ерімбетті төл мерекемен құттықтап, барша ардагерлерге сый-құрмет жасалды.

Ауданның баспасөз саласын өрге сүйреп, қандай қиын кезең болмасын абыройлы қызмет еткен байырғы әріптестер жаңалықтың жаршысы атанған басылымның қызметіне атсалысты. Әрқайсысының қолтаңбасы мен сіңірген еңбегі баспасөз тарихында қатталып алтын әріптермен жазулы тұр. Сондықтан ардагерлерге деген құрмет әрдайым ерекше болады. Төл мерекеде барша ардагерлерге ұзақ өмір, отбасыға аманшылық пен зор денсаулық тілейміз!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
29 маусым 2021 ж. 338 0