15 өрт оқиғасы тіркелген
Апта ағымында аудандық мекемелер үйінде Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ернар Оспан суға шомылу және өрт қауіпсіздігі жөнінде брифинг өткізді.
Брифинг барысында сала маманы 2023 жылы суға шомылу маусымы кезеңінде атқарылатын жұмыстар мен өрт оқиғасын болдырмау іс-шаралары жөнінде тізбектеді.
– Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі аудандық білім бөлімімен бірлесіп, аудан көлемінде мектеп оқушыларымен табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау мақсатында 17 білім ошағында оқушыларға түсіндірме жұмысы жүргізілді. Суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережесін сақтауға байланысты балаларға ақпарат берілді. Сонымен бірге №12 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерінің кезекшілік кестесі әзірленіп, күнделікті сағат 15.00-21.00 аралығында көпшілікке үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімі және аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары мен ерікті жастардың қатысуымен бір рет рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Өз кезегінде балалар мен ересектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізінде жергілікті басылым мен әлеуметтік желіге бірнеше мақала жарияланды. Бұл ретте, өрт оқиғасын болдырмау үшін тұрғындарға ескерілетін басты ережелер кеңінен насихатталуда. 2023 жылдың 5 ай көлемінде Сырдария ауданы аумағында 15 өрт және 38 жану оқиғасы орын алды. Атап айтқанда, тұрғын үйдегі өрт – 12 жағдай, орман өрті – 2 жағдай, басқа бағыт бойынша 1 жағдай тіркелді, – деді Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ернар Оспан.
Негізінен, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу маңызды рөл ойнайды. Осы ретте, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тиісті іс-шараларды қабылдауда. Десе де, соңғы айларда орын алған ауа райының қолайсыздығынан өрт оқиғалары жиілеп, жергілікті тұрғындарға орасан шығын әкелуде.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден