Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Суға түсу маусымында барынша сақ болайық

Суға түсу маусымында барынша сақ болайық

Жадыраған жаз келді. Ауа температурасы да қатты ысыды. Бұл суға түсу маусымы басталды деген сөз. Аптаның әр күнінде су айдындарын жағалап, суға шомылушылардың қата­ры көбеюде. Суға түсу бір жағынан демалыс, әрі денсаулыққа пайдалы десек, екінші жағынан судағы қай­ғылы жағдайлардың негізгі себебі – адамдардың судағы қауіпсіздік ере­желерін сақтамауынан немесе оны білмеуінен орын алады.
Осы ретте аудандық газет тілшісі суға түсу маусымына байланыс­ты аудандық төтенше жағдайлар бө­лі­мінің басшысы Асхат Оразбековпен сұх­баттасқан еді.
– Асхат Плалұлы, жаздың ысты­ғында күнге және ыстық құмға қыздырыну, салқын суға шомылу денсаулыққа пайдалы болғандықтан адамдар су айдындарына асығады. Негізінен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан қандай шаралар атқарылуда?
– Әрине, «Су – адамның досы әрі дұшпаны» деп айтуға болады. Себебі адамдардың, әсіресе балалардың суға шомыла білмеуі, қауіпсіздік ережелерін орындамаудың соңы орны толмас қайғы мен өкінішке әкеледі. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін суға шомылу ережесін қатаң сақтаған жөн.
Жалпы облыс көлемінде жыл басынан бері 7 оқиға тіркелді. 7 адам қайғылы қазаға ұшырады. Оның 3-і балалар. Аудан бойынша осы жылдың 5 айында адамдардың суда қаза болу жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен өткен жылдың осы кезеңінде 1 адамның қайтыс болғанын айта кеткен жөн.
Су айдындарында азаматтардың қа­уіпсіздігін қамтамасыз етуге байланыс­ты төтенше жағдайлар бөлімі арнайы іс-шара жоспарын әзірлеп, аудан әкімі Р.Рүстемұлымен бекітілді. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеровтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою комиссиясының кезекті отырысы өткізіліп, «Жазғы кезеңде ауданның су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары және коммуналдық жағажайлар ашу» мәселесі қаралды. Комиссияда мекеме басшыларына судағы қауіпсіздікке байланыс­ты тапсырма берілді.
– Суға түсу ережесін түсіндіру жұмыстары қаншалықты жүргізілуде, адамдардың қауіпсіздігіне байланыс­ты көрнекі құралдар әзірленді ме, арнайы тақтайшалар дайындалып, олар белгіленген жерге орнатылды ма?
– Төтенше жағдайлар бөлімі аудандық білім бөлімімен бірлесіп, суға түсу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында мектеп директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен онлайн түсіндірме жұмысын жүргізді. Оқушыларға, ата-аналарға онлайн өткен сабақта судағы қауіпсіздік тақырыбы кеңінен түсіндірілді.
Ауданның елді-мекендеріне арнайы әзірленген «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік» тақырыбында билборд орнатылды. «Суға түсуге болмайды», «Су – тілсіз жау» сөздері жазылған 29 дана тақтайша дайындалып, ауылдық округтерге берілді. Аудандық басылым арқылы тұрғындар арасында насихат жұмыстары жүргізілді. «Байқаңыз, су – тілсіз жау», «Су айдынындағы қуіпсіздік» атты мақалалар жарияланды. Әлеуметтік желілер «facebook», «Instagram» парақшаларына да мақала, бейнероликтер жарияланды.
– Үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілуі адамдардың қайғылы жағдайға ұшырамауының алдын алады. Тұрғындармен жеке-жеке түсін­діру жұмыстарын қолға алған бөлім қызметкерлерін көрдік. Олар үй-үйді аралап, парақшалар таратып жүр.
– Жылдың әр маусымында бөлім қызметкерлері тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Суға түсу маусымы басталғалы бері күнделікті тұрғын үйлерді аралау бас­талды. Осы күнге дейін кент бойынша қөп қабатты 21 үйдің және 3 қабатты 2 үйдің аулаларында 3 мәрте, еріктілердің қатысуымен 1 мәрте түсіндіру жүргізілді. Іс-шара барысында 45 адамға үнпарақшалар таратылып, 51 үнпарақ үйдің подъездеріне жапсырылды. Мұның барлығы әлеуметтік желі парақшаларында жарияланды.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі «2020 жылғы жазғы суға шомылу мау­сымы кезеңінде Қызылорда облысы аумағындағы су айдындарында төтенше жағдайдың алдын алу бағытында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру туралы» №71 бұйрығына сәйкес аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен кезекшілік кестесі әзірленіп, күнделікті сағат 15.00-ден 21.00-ге дейін үгіт насихат жұмысын жүргізетін болады.
– Судағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар мазмұны қандай, қандай ұсынысыңыз бар?
– Көрнекі құралдардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі мол. Егер билбордтар адамдар көп жүретін жерге ілінсе, мысалы теміржол вокзалы, автобекет, сауда орталықтары т.б. адамдар назарын бір сәтке сондағы жазуға салып, мән беріп, қауіпсіздік ережесін есте сақтар еді. Сонымен қатар көпшілік суға түсетін жерді құтқару құрылдарымен – қайық, шеңбер, арқан, т.б. жабдықтап, жағажай ұйымдастыруды ұсынамын.
Жеке азаматтар мен кәсіпқой балықшы­лардың жүзу құралдарын көлік инспекциясында тіркеуден өтуі де маңызды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз азаматтарды маусымдық жұмысқа тартып, суға шомылатын жерлерге қоғамдық құтқарушылар жасағын ұйымдастырған тиімді. Шомылуға рұқ­сат жоқ жерлерге кент және ауылдық округ әкімдерімен, полиция бөлімімен бір­лесіп, үнемі рейд жүргізу – алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың бірі. Жалпы тұрғындардың назарына – судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарға «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің талаптарына сай шара көрілетінін ескертеміз.
– Сұхбат барысында судағы қауіп­сіздік ережесін елемеу адам өміріне қауіп әкелетіні айтылды. Дегенмен азаматтар қандай ереже мен қағиданы білгендері жөн?
– Ең алдымен адамдар белгіленбеген орындарда шомылуға болмайтынын есте сақтаулары тиіс. Суға тек рұқсат етілген орындарда, жағажайларда шомылу керек. Суға түсетін жердің, су тазалығы, тереңдігі де өте маңызды. Мұны тексерген жөн.
Тамаққа тойып алып шомылу денсау­лыққа зиян және ұзақ шомылуға болмайды. Әркім өзін шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеуі қажет.
Суға түскенде бір-бірін және балаларды көзден таса қылмау керек. Сондай-ақ қоршау белгілерінен асып кетпеген абзал. Техни­калық ескерту белгілерінің және басқа құралдардың үстіне шығуға қатаң тыйым салынады.
Судағы төтенше жағдайдан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережесін мен қауіпсіздік шарасын қатаң сақтау.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
02 маусым 2020 ж. 1 022 0