Жергілікті газет – жаңалық жаршысы

Қазір елімізде ғана емес, әлемде ақпараттық кеңістіктің жаңа кезеңі жылдамдықпен дамуда. Бұл – әрине, қаламгер қауымы мен баспа, телеарна, ғаламтор желісімен жұмыс істейтін қызметкерлердің тәжірибесінің, қарым-қабілеті мен дарынының, еселі еңбегінің жемісі. Сондықтан да журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес. Ой қуалап, сөз ұйқастыру, одан жұрт сүйсіне оқитын көркем дүние жазып шығару – екінің біріне бұйырмаған асыл қасиет.
Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген екен. Бүгінде қалам ұстаған, сөз құдіретін түсінген жандарға мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетілуде. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, күнделікті болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар, рухани, мәдени көзқарастар, пікірлер ақпарат құралдары арқылы елге жетіп жатыр. Осы орайда, мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, жан-жақты дамуын, жетістіктерін насихаттауда журналистер қауымының рөлі қашан да жоғары. Еліміздің бүгіні мен ертеңін қалыптастыруда, тұрақтылығын қалыпты ұстауда айрықша маңызға ие. Қалың бұқара қаламгерлерді еліміздегі төртінші билік санап, тегеурінді күш ретінде таниды. Бұл журналистердің билік пен халықты байланыстыратын мызғымас алтын көпірдің қызметін атқаратынын айғақтайды.
Мен бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамды алға жетелеудің басты дәнекері деп білемін. Ал журналист болу – халыққа қызмет ету деген ұғыммен ұштасады. Өйткені қаламгерлердің қаламынан туындаған дүниелер – ауданымыздың тыныс-тіршілігінің айнасы, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болар ертеңгі тарихи шежіресі. Журналистика саласында халыққа кіршіксіз қызмет атқарып, үлкен құрмет пен ілтипатқа ие болып жүрген аға буын – ардагерлерімізбен қатар, өз ісінің майталман маманы болып өсіп-өркендеп келе жатқан жас журналистердің де еңбектері ерен. Осы орайда әрбір жұмыс күнімізді мерзімді басылымдарда жарияланған жаңалықтарды оқып, танысумен бастаймыз. Оның ішінде аудандық газеттің әр нөмірін асыға күтіп, әр мақаланы байыппен оқып, бағамдап отырамыз.
Ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында аудан журналистерінің жұмыстарына шығармашылық сәттілік тілеймін! Келесі жылы 85 жылдық тарихи белесті бағындыратын төл газетіміздің оқырманы көп болуына тілектеспін!
Берік СӘРМЕНБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі
Сырдария ауданының әкімі