Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагердің ерекше қасиеті

Ардагердің ерекше қасиеті

Облыс бойынша Ұлы Отан соғысының көзі тірі 6 ардагері бар екен. Оның бірі – біздің сырдариялық Яхия Тасыров атамыз. Ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесінің өмірбаяны, ерлігі, еңбегі, өнегелі істері, тіпті баталарына дейін бір емес, бірнеше рет баспасөзде жазылды. Биыл қарияның ерекше бір қасиетін сөз еткелі отырмыз.

Ардагер – аудандық газеттің тұрақты оқырманы. Сөздің қадірін білетін қария жергілікті басылымның әр нөмірін үзбей оқиды. Жылына екі рет редакцияға бас сұғып, аудандық газетке жазылады. Біз ар­дагердің мекен жайына газетті тегін жі­беретінімізді айтсақ та майдангер өзі жазылғанды жөн көреді. Сүйегі асыл кісі ғой, бұл да тектілік, тазалық һәм даралық шығар.

– Газетті кешегі күнге дейін өзім оқи­тынмын. Қазір көзім көріңкіремейді. Көп оқысам шаршаймын. Сондықтан үйдегі немерелерім мен шөберелеріме өтініш айтамын. Олар менің өтінішімді тапсырма деп қабылдап, газеттегі барлық мақа­ланы, қызықты ақпараттарды басынан соңына дейін оқып береді, – дейді қазы­налы қария.

Майдангердің аудандық газет редакциясына ризашылығы шексіз. Өйткені, газет Яхия Тасыровтың қатысуымен өте­тін әрбір іс-шараға ақпараттық қол­дау көрсетіп келеді. Сондықтан қария өзінің бата-тілегін жергілікті басылым­ның жыл сайынғы алғашқы нөміріне ұсы­нып, жариялағанды жөн көреді. Қа­рия кейде газеттің таратылуы кеше­уіл­деп қалса, редакцияға хабарласып, басылымның жаңа нөмірін асыға күтіп отырғанын жеткізетінін де айтып өтке­німіз жөн. Мұның бәрі – әрбір істі уақыты­лы орындауға, жүзеге асыруға дағдылан­ған қасиетінің көрінісі. Мұны ардақты ар­­дагердің күнделікті күтімін жасап отыр­ған ұрпақтары да растайды.

– Біз бақытты ұрпақпыз. Атамыз Жеңіс­тің 78 жыл­ды­ғын қарсы алып, төрімізде отыр.

Әр күн сайын бізге ақ батасын бе­реді. Біз де ұзақ өмір сү­­руін тілейміз. Атамыз әлі күнге бәріміздің есімімізді, ту­ған күн­де­рімізді шатас­тырмай айтады. Құдай қаласа, Жеңістің 80 жылдығын да көрсем деген арманы бар. Біздің бүгінде бір ғана тілегіміз бар. Ол – аталарымыздың ерлігімен келген Тәуелсіздігіміз, бейбіт күніміз баянды болсын деген тілек, – дейді қарияның неме­ресі Ержан Тасыров.

Иә, ерлікті әркім әрқалай түсінеді, орындайды. Ал еңбектің түпкі мақсаты – біреу ғана, яғни өзгеге пайдаңды тигізу. Осы орайда біздің еңбегімізді елеп, га­зетімізге жазылып, жергілікті басы­лымның әр нөмірін үзбей оқып, қалам­герлерге ақ батасын арнап жүрген қарт май­дангердің ерлігінен де, еңбегінен де көп­шілік үлгі-өнеге алса екен деп ойлаймыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
06 мамыр 2023 ж. 359 0