Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасыр куәгеріне төлқұжат тапсырды

Ғасыр куәгеріне төлқұжат тапсырды

Көзі қарақты оқырманға басылымның №5 санын­да «Майдангер төл­құжатын жаңартты» деген тақырыпта ақпарат ұсынған болатынбыз. Жақында ҰОС ардагері Яхия Тасыров «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бо­йынша филиалының Сырдария аудандық бөлі­міне келіп, жеке куәлігін жаңалады.

Өз кезегінде батагөй ақсақалдың үйіне арнайы барған облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрлан Ибраев жаңа куәлікті тапсырды.


Ғасыр жасаған қария Яхия Тасыров – қияметке толы соғыстың куәгері. Әрқашан жас кезінде көрген қиындықтарын өскелең ұрпаққа айтып отырады. Қазір­гі таңда қазыналы қарттың денсаулығы жақсы, сөзі нық. Кент көшелерін жаяу аралайтын майдангерді құттықтап барған меймандар ұзақ ғұмыр тілеп, ақ батасын алды.


– Біз «Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай» деген на­қылды жақсы білеміз. Екі ғасырдың куәгері атанған ақ­са­қа­лымызға үнемі құрмет көрсете береміз. Әркез қазы­налы қартпен дидарласып, саналы ғұмырынан ғибрат аламыз. Мұндай тарихи оқиғаның орын алғанына өте қуаныштымыз. Бірнеше күн бұрын Яхия Тасыров атамыз біздің мекемемізге келіп, жаңа төлқұжатқа өтінім берді. Көп ұзамай қарияға жеке куәлігін тапсырып отырмыз. Сапалы қызметімізді аудан халқы үшін арнай береміз, – деді Сырдария аудандық бөлімінің басшысы Жұмабек Ембергенов.

Айта кетейік, өткен аптада ауданға іссапары барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова майдангерді мерейтойымен арнайы құттықтап, құрметті қарияға автокөлік кілтін тапсырған болатын.

Жұмабек ЕМБЕРГЕНОВ,
аудандық мәслихат депутаты
25 қаңтар 2022 ж. 293 0