Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаяу жүретін жауынгер

Жаяу жүретін жауынгер

– Әке, Яхия ата жаяу келе жатыр екен. Көлікке мінгізіп алайық.
– Ол кісі көлікке мінбейді ғой, балам.
– Неге, мінетін шығар, айтып көрейік.
Әкем темір тұлпарды жолдың жиегіне тоқтатты. Көлік­тен түсіп, майдангерге сәлем бердік.
– Ассалаумағалейкум, ата!
– Уә-әликумассалам, айналайындар! Бұл қай бала?
– Ибрагиммін ғой.
– Қай Ібірәгім?
– Қойма меңгерушісі болған майдангер Құрманайдың баласымын.
– А-а, айналайын, бақытты, дәулетті бол!
– Күн ыстықта қайда шықтыңыз, жүріңіз, көлікпен жеткізіп тастайық.
– Жоқ, жүре беріңдер. Өзім ауаныммен асықпай барамын.
– Шаршайсыз ғой.
– Шаршағаным бойыма қуат болар. Жүре беріңдер, бақытты бо­лыңдар, сәулетті, дәулетті болың­дар, қарақ­тарым.
Бұл майдангер Яхия Тасыров пен әкемнің арасындағы диалог. Тереңөзектіктер жақсы біледі, Жеңіс туын жел­біреткен жауынгер күніне бірнеше шақырым жаяу жүреді. Ардагердің жаяу жүргенін көріп, оны таныған көлік тізгіндегендер майдангерді діттеген жеріне жеткізіп тастау үшін тоқтайды. Бірақ ғасыр жасаған асыл сүйекті ардагер көлікке мінбейді. Жаяу жүргенді жөн көреді. Күніне 3-4 шақырым жаяу жүру үйреншікті әдеті.
Ауданда соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыровты танымайтын жан кемде-кем. Соғыстан аман-есен елге оралған ардагер бейбіт күнде адал еңбек етіп, өнегелі отбасының тірегіне айналды. Қария бүгінде батагөй ақсақал ретінде көпшілік құрметіне кенеліп жүр. Ел Президентіне, облыс, аудан әкімдеріне арналған ақ батасы бар. Он шақты жыл бұрын аймақ басшысы қарияға көлік мінгізген еді. Былтыр Тереңөзек кентінен майдангерге жаңа пәтер берілді.
«Тарихты тұлғалар жасайды. Біздің майдангер Яхия ағамыз көзі тірі тарихи тұлға. Ол кісінің халыққа арналған ақ батасы, жақсы істерге тілектес ниеті жұртшылыққа үлгі-өнеге. Осындай тұлғамен бір көшеде тұрғанымызға мақтанамыз. Қазыналы қарияға ұзақ өмір, мықты денсаулық тілейміз» дейді еңбек ардагері Ыбырайтай Әкімжанов.
Иә, майдангер туралы көп мақала жазылды. Жергілікті газетте баталар топтамасы, сұхбаты жарияланды. Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі де кеңінен ақпараттандырылды. Бұл жолы Жеңіс жауынгерінің күн са­йын 3-4 шақырым жаяу жүретінін, бір мезгіл өз ауанымен орталыққа барып келетінін, ғасыр жасаса да әлі тың екенін жеткізгіміз келді. Бұл біріншіден, ардагерге Жаратқанның берген күш-қуаты болса, екіншіден ұрпақтарының, келіндерінің күтіп-баптауының нәтижесі. Тіл-көзіміз тасқа дейміз. Аудандағы көзі тірі жал­ғыз майдангер Яхия Тасыровтың ұзақ өмір сүруін тілейміз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
07 мамыр 2021 ж. 640 0