Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жариялылық жемқорлықтың жолын кеседі

Жариялылық жемқорлықтың жолын кеседі

«Жұмыс ашық әрі жариялы түрде болуы тиіс». Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сөзі. Иә, Президент қазір Үкімет пен атқарушы органдардың бәріне жариялылық қағидатын ұстануды талап етіп, нықтап тапсыруда. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына да сай келеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр» дейді аудан әкімі аппаратының басшысы Р.Шайхиев.

Оның айтуынша, тұжырымдама бұқараға барынша жақын болуына негізделген. Енді басшылар алдына келген адамды әуре-сарсаңға салмай заң аясында нақты шешімдер қабылдап, мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Бұл жемқорлықтың жолын кеседі. Мемлекеттік басқару жүйесін бюрократиядан арылтады. Президент Жолдауында айтылған пікір­ді міне, осы екі ауыз сөзге сыйды­руға болады. Қуантатыны, ай­тыл­­ған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мем­лекеттік институттардың рөлін ны­ғайту, азаматтардың құқықтары мен бо­стандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңі­нен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеу­меттік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді. Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қол­дау көрсетуге, ел аймақтары ара­сын­да­ғы теңсіздікті жоюға және халықты толған­дырып жүрген басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Нақты мысалдар келтіріп, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынып отыр. Осы тәрізді өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айта келе, оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынған Мемлекет басшысы енді Үкімет пен әкімдердің қыз­меті негізінен халықтың тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі бойынша бағаланатынын ескертті. Соған сай нақты шаралар қабылдануда. Мұның бәрі ел азаматтарының игілігі үшін жасалуда, – дейді Рысбек Болатұлы.

Қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес азаматтардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзудың алдын алу нормалары бойынша түсініктемелер кеңінен жүргізілуде. Аудан әкімдігінен бастап барлық бөлімдер, кент және ауылдық округі әкімі аппараты ашықтық қағидатын ұстануда. Кез келген тұрғын өз сауалын үйден шықпай-ақ жолдап, жауап ала алады. Сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтер де цифрландырылуда. Ал цифрландыру – адаммен адам арасындағы байланысты тежеп, болуы мүмкін сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Сондықтан жариялылық жемқорлықтың алдын алады деп айтуға толық негіз бар. Осы және басқа да басым бағыттар туралы айтқан аудан әкімі аппаратының басшысы Р.Шайхиев Сырдария ауданы бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүйелі жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
21 сәуір 2023 ж. 221 0