Суретшінің шығармашылық әлемі
«Тереңөзек таланттардың өлкесі» деп ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтапов жырлағандай, туған елден түлеп ұшқан небір талан иелері – әркез жерлестерінің мақтанышы. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шахмұрат Сейітмұратов – өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тұлға. Бүгінде жерлестерінің мақтанышына айналған суретшінің қолынан шыққан туындылары көптеген көрмеге қойылып, лайықты бағасын алып келеді.
Апта ағымында аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен тағылымды іс-шара өтті. Суретшінің шығармашылығына арналған көрмені тамашалауға өнер майталмандарымен қатар, кенттің ардагерлері, ел ағалары, жастар өкілдері қатысты.
Қылқаламның құдіретін бала кезінен танып білген суретші Шахмұрат Сейітмұратов – 1952 жылдың төл перзенті. Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Жастайынан шығармашылыққа жаны жақын азамат Алматыдағы Н.Гоголь атындағы суретшілер училищесін «өте жақсы» деген дипломдық картинамен бітірген. Жас суретші алғашқы еңбек жолын 1973 жылы Қызылорда қаласындағы облыстық суретшілер мекемесінде бастайды. Алғашқы еңбек жолы басталысымен облыстық, республикалық, бүкілодақтық көрмелерге қатысады. 22 жасында СССР жас суретшілер бірлестігіне мүшелікке қабылданып, Қазақстан Суретшілер одағының стипендиаты атағын алады. Шығармашылық жетістіктері үшін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1981 жылы Мәскеудегі Суретшілердің Бүкілодақтық Симпозиумына қатысты. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Тұрар Рысқұловтың 110 жылдығына арналған суретшілердің көрмесінде бас жүлденің иегері атанды.
Суретшінің әкесі Сейітмұрат Ембергенов – ауданда мәдениет саласына еңбегі сіңген азамат. Ақындығымен, өнерге деген шын жанашырлығымен танылған Сейітмұрат ағай аудандағы тарихи-өлкетану музейінің негізін қалады. «Тектіден текті туады» дегендей, текті ұрпақтың жалғасы Шахмұрат Сейітмұратовтың бүгінде әкесі бас болып негізін қалаған музейде 60-қа жуық картиналары сурет галлереясының сәнін келтіріп тұр. Негізгі туынды ретінде 2000 жылы бұрын музей төріне ілінген «Мәңгілік» картинасы ерекше әр беріп тұр. Ауданға келген меймандар ең алдымен елдің тарихымен танысу үшін музейге бас сұққанда ең алдымен осы картинаға тамсана да, таңғала қарап, суретші қылқаламының құдіретін сезінеді. Күллі Қазақ елінің тарихына тіл бітіре суреттелген алып картина тәуелсіз еліміздің қалыптасу кезеңінен бастап, Мәңгілік елге айналуға дейінгі аралықты қамтып, адамның санасын шексіздікке еріксіз иландырады.
Саналы ғұмырын сурет өнеріне арнаған азамат туралы жылы лебіз білдірген аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев жерлесіміздің көрмесі алдымен облыс орталығында өткенін, онда өнер иесі туралы керемет жылы лебіздер айтылғандығын айтты. Әркез елге келгенде туған елдің перзентін аудан жұртшылығы қуанышпен қарсы алатындығын айтып, аудан басшылығының құттықтауын, сый-сыяпатын табыс етті.
Шығармашылық көрмеде сөз алған мәдениет саласының майталманы, аудандық музейді жиырма жыл басқарған Алма Бақтиярова ең алдымен есімі ауданға белгілі Сейітмұрат Ембергенов туралы айтуды жөн көретінін айтты.
– Шахмұрат Сейітмұратұлын айтпастан бұрын осындай азаматты дүниеге келтірген Сейітмұрат аға жайлы айтқым келіп тұр. Сырдария ауданының киелі қарашаңырағы – ол аудандық тарихи-өлкетану музейі. Оны оқушылардан бастап, аға ұрпақ өкілдері де жақсы біледі. Айтуға оңай болғанымен, музей өзі киелі шаңырақ – жабық мекеме, ғылыми орталық. Бүкіл ауданның, елдің тарихын зерделейтін, аудандағы қырық мың халықтың, соның тең жартысының еңбектері осында бар десем артық айтқандық болмас. Музейді ашатын кезде қаржы тапшы, ғимарат болса да жоқ болатын. Сейітмұрат ағай – жергілікті әкімдіктің есігін жағалап жүріп, үй салып беруді, қайткенде де музей ашу керектігіне атсалысқан азамат. Сол жылдары «Қалжан ахун» шаруашылығын басқарған А.Құлбаев «Тұрғын үй – 1991» бағдарламасымен тегін музей ғимаратын салып берді. Содан соң қосымша ғимараттар салынып, музей жұмысын жанданды. Жәдігер жинау оңай шаруа емес. Музейдің көркін ашатын экспонат болмаса атын да сақтай алмайды. Сондықтан алғашында кемінде 3 мыңдай жәдігер керек болды. Сейітмұрат ағай әрбір үйді, елді мекенді жағалап жүріп құнды жәдігер жинап, музейдің негізін қалады. Міне, 30 жылдан бері халыққа музей қызмет етіп келеді.
Сырдария ауданының халқы осындай азаматтарымызды, елге еңбегі сіңген, еш жерде өзін жарнама етпейтін, өзін көрсетпейтін, өзін мақтап, дәрежелемейтін адамдардың да қадір-қасиетін де біліп жүруі керек деп ойлаймын. Қазір музей дамыды. Жәдігерлер қосылып жатыр. Менің өзім 10 мыңнан астам экспонат жинап өткіздім. Енді музейді жастарға беріп жатырмыз. Қазір музейге жас басшы келді. Салтанат Қуандықовамен бірге 15 жылдай қызмет еттік. Жас та болса өзін көрсете білген Салтанаттың еңбегі бағаланып, қызметте жоғарылады. Музей жас мамандармен толығуда. Аға буын өкілдерінің жұмысын жалғастыруда.
Бүгінгі кештің иесі Шахмұрат Сейітмұратұлы облыста үлкен көрме өткізді. Есімі республикаға танымал суретшінің 2000 жылы музейге қойған осы «Мәңгілік» картинасын көрмеген адам жоқ. Сенаторлардан бастап депутаттар, келген қонақтардың барлығы картинаға лайықты бағасын берді. Міне, осы картинаға жақында суретшінің өзі жаңа рең берді. Осы залда суретшінің 60-тан астам картинасы тұр екен. Бұл суретшінің өмірі деп білеміз. Онда адамдардың тағдыры, тарихи сәт суреттелген. Өзі Шымкентте тұрса да осында жаңа картиналарын әкеліп, музейге қоюда. Ол үшін ешқандай ақы сұрамайды. Көрмені әкесінің, өзі туып-өскен еліне әкеліп көрсетіп жатыр. Суретшіге шығармашылық табыс тілеймін. Еліне, халқына тартуы көп болсын. Үлкен жанұяның бірлігі мықты болсын. Енді ұрпақтарына ұсыныс, ағайдың атынан жеке музей ашсаңыздар, оның жұмысына музей қызметкерлері атсалысып, қолдау білдіреді деген сенімдемін. Бұл тәжірибе бізде бар, қоғам қайраткері А.Божанованың үйінде музейі ашылғанын білесіздер. Сондықтан мемориалдық музейді ашып, халыққа рухани-мәдени қызметтеріңізді жасай беріңіздер деген тілектемін, – деді А.Бақтиярова.
Мұнан соң көрменің қонақтары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, ҚР Суретшілер одағының мүшелері Ж.Маханбет, Ж.Исмағұлов сөз алып, өнер иесінің шығармашылық жолына тоқталып, құттықтау тілектерін жеткізсе, ақын А.Ибрагимұлы Сейітмұрат Ембергеновке арнаған арнауын оқыды.
Суретшінің ұзақ жылғы еңбегін паш ететін көрмеде әкенің өнегелі жолын жалғастырып келе жатқан өнер иесінің әлемі туралы жылы лебіздер айтылды. Жетістіктерге жетіп отырған, «шексіз» деген атауды иеленген, өнерді бір кісідей меңгерген талант иесінің парасат пайымы лайықты мадақталды.
Өз кезегінде Шахмұрат Сейітмұратұлы көрмені туған елде, ашық аспан астында жасауды бұрыннан ойлағанын, дегенмен сәті музейдің залында өткізуге бұйырғанын тілге тиек етті. Көрмеге қойылған әрбір туындының мән-мағынасын тереңнен сезініп, шығармашыл адамға дем берген жерлестеріне алғаусыз ризашылығын білдірді. Кеш соңында ауданның Құрметті азаматы, қадірменді ақсақал Рақымжан Бәйменов ақ батасын берді.
Айту керек, жасы жетпістен асқан суретші Ш.Сейітмұратұлы осы күні шығармашылықпен белсенді түрде айналысады. Жұмыстары Қазақстан Суретшілер Одағының қорында, Ә.Қастеев атындағы суретшілер Галлереясында, Канада, Германияда жеке коллекцияларда сақтаулы.
Бибісара ЖАНӘЛІ