Тәртіпке бағынған құл болмайды: сот төрағасы аудандағы ахуалды айтты
Сырдария аудандық сотының төрағасы Қайратбек Бержанов 9 айдың қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сараланған жиынға аудандық газеттің бас редакторы А.Мұханбетқали, аудандық сот ұжымы қатысты.Есепті кезеңде 100 адамға қатысты 73 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 58 адамға қатысты 39 іс бойынша үкім шығарылған. 20 адамға қатысты 20 іс тоқтатылған, 12 іс соттылығы бойынша жолданып, 8 тұлғаға қатысты 2 іс прокуратураға кері қайтарылған, 3 жекеше қаулы қабылданған.
– 2025 жылдың 9 айында қылмыстық теріс қылықтағы (296 баптың 2, 3 бөлігі) 5 іс 5 адамға қатысты қаралып, 3 адамға айыппұл, 2 адамға қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданылған. Қаралған істердің саны 2024 жылмен салыстырғанда 3 іске азайған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының ҚК 297 бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен 1 іс 1 адамға қатысты қаралып, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. ҚК 300 бабы 2-бөлігімен 1 іс 1 адамға қатысты қаралып, 1 адамға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ҚК 106 бабы бойынша 3 іс 3 адамға қатысты қаралған. Ал 108-1 бабы бойынша 2 іс 2 адамға қатысты болса, 109-1 бабы бойынша 3 іс 3 адамға қатысты қаралған. Сонымен қатар ҚК 188-1 бабы бойынша 1 іс 2 адамға қатысты қаралған. Осы мерзім ішінде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы 20 материал түскен, оның 11-і қанағаттандырылған, 9-ы қанағаттандырудан бас тартылған. Қанағаттандырудан бас тартылғандардың ішінде 7 материал бойынша «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілсе, 2 материал бойынша «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Үй қамағында ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы 9 материал түскен, оның 7-еуі қанағаттандырылған, 2-еуі қанағаттандырудан бас тартылған. Қанағаттандырудан бас тартылғандардың ішінде 2 материал бойынша «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Жыл басынан бері сотқа 503 талап қою және 13 іс түскен. Барлығы 414 азаматтық іс қаралған, оның ішінде 59 іс бойынша сот бұйрығы, 227 шешім қабылданып, 101 іс өндірістен тоқтатылған, 24 іс қараусыз қалдырылған, – деді аудандық сот төрағасы Қ.Бержанов.
Өткен жылмен салыстырғанда түскен талап қоюлар мен істердің саны 132-ге, қаралған істердің саны 121 іске көбейген. Ал биылғы жыл басынан бері кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алимент өндіру туралы 24 іс қаралған. Өткен жылмен салыстырғанда 8 іске азайғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда қаржылық алаяқтар көбейіп отырғаны белгілі. Бұл орайда негізсіз баю сомасын өндіру туралы 2025 жылдың 9 айында 16 іс қаралған, яғни былтырғымен салыстырғанда әжептәуір жоғары болып отыр. Бұл орайда мамандар қаралған іс бойынша мысал айтып өтті.
2025 жылы ақпан айында талапкер К. есімді азаматша жауапкер Н.-дан 926 500 мың теңге негізсіз байыту сомасын өндіруді сұрап сотқа жүгінген. Себебі, талапкер К. алаяқтардың нұсқауы бойынша өзінің банктік шотынан жауапкер Н-ның банктік шотына 500 000 теңге және 426 500 теңге көлемінде ақша қаражатты аударған. Сот отырысында Н.талапты мойындамай, келесідей түсінік берген: Танысы Т. оған қосымша онлайн табыс табуды ұсынған, ол үшін жұмыс берушінің нұсқауы бойынша бірнеше мобильдік қосымшаны, соның ішінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның мобильдік қосымшасын орнатып, тіркеуден өту керек болған. Барлық шарттарды орындағанына қарамастан, ешқандай сыйақы алмаған. Жұмыс берушімен байланыса алмаған. Өзінің банктік шотына ақша түскені туралы полицияға арыз түскеннен кейін ғана білген. Түскен ақшаны пайдаланбаған, олардың кімге аударылғанын білмейтіндігін көрсеткен. Жауапкер өзінің банктік шотына ақша түскеннен кейін олардың түсу негіздерін анықтау үшін шаралар қабылдамаған. Іс құжаттар бойынша талап қоюшының жауапкердің банктік шотына ақша қаражаттарын жібергені банк үзінділерімен расталған. Сот тараптардың ақша аударымына дейін таныс болмағаны, олардың арасында ешқандай міндеттеме жоқ екені анықталған. Сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына негізсіз баю сомасын өндіру туралы шешім шығарған.
Сот төрағасының баяндауынша, қазіргі таңда аудан көлемінде мас күйінде көлік жүргізу, есірткі өсіру және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар жиі көрініс береді. Айта кетейік, істер 100 пайыз аудио-бейне жазба арқылы қаралған. Есепті мерзімде әкімшілік құқық бұзушылық туралы және қылмыстық істердің барлығы электронды нұсқада түсіп қаралған.
«Тт» ақпарат










