Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағаты мол ұрпақтар сабақтастығы

Ұлағаты мол ұрпақтар сабақтастығы

Қазақстан мәдениеті жетік дамыған мемлекеттер қа­тарында. Олай дейтініміз, қазақ баласы дүниеге келген сәттен бастап көптеген ғұрыпты дәстүрлер астасып біздің мәдени өреміздің биік екенін көрсетеді. Ол қатарда ән-жырымыз, дәстүрлі өнеріміз, сонымен қатар суретшілік қасиетіміз де ешкімнен кем емес. Бір ғана Әбілхан Қастеевтің өзі қазақ бейнелеу өнерінің қандай биік дәрежеде екенін көрсетіп кеткен. Міне, сондай на­ғыз қылқалам шеберінің ізбасарлары ауданда жетерлік. Олардың қатарында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шахмұрат Сейітмұратовты ерекше мақтанышпен айтамыз.

Елге белгілі суретші биыл 70 жасқа толып, мерейге бөленуде. Осы жасқа жеткенше көптеген таңғажайып туын­дыларды салған қылқалам шебері ме­рей­лі жасында елге есеп беру ретінде көркемсурет галереясын өткізді. Облыс­ орталығындағы С.Айтбаев атындағы көр­кемсурет галереясында Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі Сейт­мұрат Ембергеновтің 90 жылдығы және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шахмұрат Ембергеновтің 70 жас­қа толуына орай «Суретім – өмірім» та­қы­рыбында рухани-танымдық іс-шара өтті.

Өңір халқы үшін Сейт­мұрат Ембер­геновтің есімі жақ­сы таныс. Ол кісі ауданның өсіп-өр­кен­­деуіне, оның ішінде мәдениет сала­сының дамуына сүбелі үлес қосқан. Аудандағы мәдениет саласында түрлі еңбектер атқарып, аудан тарихы мен рухани қазынасын жан­­дандырып, биік­ке көтере білген. Мә­де­ниеттанушы аудан­дық тарихи-өл­ке­тану музейінің ұйым­дастырылуына ат­са­лы­сып, құнды жәдігерлермен толы­ғуы­­на ерекше еңбек сіңірген.

Одан бөлек, ақындығымен, жазу­шылық қасиетімен елге белгілі болып, ҚР Журналистер Одағының мүшелігіне өткен. Жырдария атанған туған жеріне талай жырын арнап, бірнеше өлеңіне композиторлар ән жазып, Сыр жағасын әнмен тербеткен. Елге белгілі тұлғаның 10-нан астам кітабы жарық көріп, көзі тірісінде-ақ мәртебе мен марапат биігі­нен көрінген, «Сырдария ауданының Құр­метті азаматы» атанған.

Сейтмұрат Сейтжанұлы Емберген,
Қара сөздің құдіретіне дем берген.
Өр рухты жүрегінен туған жыр,
Сұлу сырдың толқынындай тербелген, – деген жырдың өзі ол кісінің парасатты тұлға екенін білдірсе керек.

Мәдениет майталманы өмірлік сері­гімен бірге 10 ұрпақ өрбіткен. Олар­дың барлығы әртүрлі салада ел дамуына еңбек етіп жүрсе, үлкен ұлы Шахмұрат Ембергенов өнер жолына түсіп, қылқалам шебері ретінде ел­ге танылды. Ол мектеп бітірісімен Алма­тыдағы Н.В.Гоголь атындағы сурет­шілер училищесіне оқуға түскен. Оқу орнын үздік тәмамдап, еңбек жолы Қы­зылордадағы облыстық суретшілер мекемесінен бастау алған. Түрлі бояулар­мен кескін салудың қыр-сырын же­тік меңгеріп, облыстық, республикалық, бүкілодақтық сурет көрмелеріне қа­тысқан. Осындай сурет көрмелерінде туындылары ерекше бағаланып, СССР жас суретшілер бірлестігіне мүшелікке қабылданады. Одан бөлек, мерейтой иесі – Қазақстан Суретшілер Одағының стипендиаты. Шығармашылықпен үне­мі айналы­са жүріп, Мәскеудегі сурет­ші­лер­дің бүкіл­одақтық симпозиумына қатысады. Сонымен қатар, Ш.Ембергенов – Оң­түстік Қазақстан облысында өткен Тұрар Рысқұловтың 110 жыл­дығы­на арналған суретшілердің көрме­сінің бас жүлде иегері. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесінің туындылары бү­гінде Қазақстан Суретшілер Одағы­ның қорында, Ә.Қастеев атындағы сурет­ші­лер галереясында, Канада, Герма­ния ел­деріндегі жеке коллекцияларда сақтау­лы.

Осындай ұрпақтар сабақтастығы жаң­ғырған іс-шараның ашылуында об­лыстық мәдениет және спорт бас­қармасы басшысының орынбасары Қуа­ныш Жанұзақов сөз сөйлеп, белгілі суретшінің қазақ өнеріне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мерейлі жасымен құт­тықтап, басқарма басшысының арнайы «Құттықтауын» табыстап, қазақы дәстүр­мен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Мұнан соң аудан әкімінің орын­басары Димаш Байдушев те сырдариялық суретшінің өнері ерекше екенін атап, аудан басшысының «Құттықтауын» жеткізді.

Өз кезегінде сенатор Бекмырза Еламанов, қо­ғам қайраткері Әріп Хожбанов, Қазақ­стан Жазушылар одағы облыстық фи­­­­лиалының төрайымы Қаршыға Есім­се­йітова, мәдениет саласының арда­гер­­лері Алма Бақтиярова, Жәнібек Маханбет жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ақын Сейтмұрат Ембергеновтің ауданды дамытудағы елеулі еңбегін, мәдениет саласына қосқан үлесін, сондай-ақ оның ұлы, суретші Шахмұрат Емберге­нов таңғажайып туындылары арқылы ел мерейін үстем етіп жүрген­дігін айтты. Соны­мен бірге, ақын Ақтөре Ибрагимұлы өлең оқып, жырдан шашу шашты.

Танымдық іс-шарада суретші облыс орталығында осындай ауқымды сурет көрмесінің өтіп жатқанына қуанышын жеткізіп, ұйымдастырушыларға, қолдау білдірушілерге шынайы ризашылығын жет­­кізді.

Суреттер көрмесіне сырдариялық су­рет­шінің 95 туындысы қойылған. Көр­­кемсурет галереясына келген мей­ман­­дар көрмені аралып, суреті өмірі са­на­латын Ш.Ембергеновтің шығар­ма­шы­лығымен танысты.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
27 қазан 2022 ж. 376 0