Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰҢҒЫШ ТЕАТР СУРЕТШІСІ

ТҰҢҒЫШ ТЕАТР СУРЕТШІСІ


Сурет өнері – ең күрделі және кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер саласының ерекше бір бөлігі. Қылқаламмен жазушылар сөз өнерінің айшығын бейнелеу арқылы өмір шындығын суреттесе, суретшілер көз көретін заттарды бояудың сиқырымен жеткізеді. Тылсым табиғаттың түрін, сұлу әлемнің сырын тартымды етіп көрсетіп, адамға жан ләззатын сыйлайды. Мұндай ерекше сезімді сыйлау­шы дарын иелері Сыр топырағында жетерлік. Олардың ішінде, тұңғыш ­театр суретшісі, сән үлгілерінің шебер тігіншісі болған Ләтипа Қожықова – шоқтығы биік біртуар тұлға. Тек Сыр еліне ғана емес, қазақ халқына, тіпті Орта Азия жұртшылығына танылған талант иесінің биыл 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай, облыс көлемінде ауқымды шаралар ұйымдастырылып, халық суретшісінің өнегелі өмірі, шығармашылығы дәріптелуде.
Рухани жаңғыру аясында шебер суретшінің 125 жылдығын кең көлемде атап өту шарасы ауданға қарасты Қоғалыкөл ауылынан бастау алды. Мұнда Ләтипа Қожықованың немересі Сәуле Құлахметқызы және өнер иесінің әріптестері мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар киелі топыраққа табан тіреп, халықпен жүздесті. Қожықовтар әулетінің қазақ өнеріне, мәдениетіне салған сара жолын айтып, бағындырған белестерін жеткізді.
Халық шеберінің шығармашылығын дәріптеуге арнал­ған ауқымды шаралар облыс орталығында жалғасын тапты. Алдымен, Қызылорда көркемсурет галереясында «Қожықовтар қолтаңбасы» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Қ.Көшербаев, өнер­танушылар, мәдениет майталмандары, сырбойы­лықтар және үлкен әулеттің ұрпақтары қатысты.
Көрменің ашылуында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Қожықовтар династиясы – киелі Сыр топырағы­нан шыққан, өнер әлемінің биік шыңын бағындырған, сол өнер өлкесінде қолтаңбасы қалған, қазақ мәдениетінде өз орны бар династия екенін атап өтті. Ләтипа Қожықованың жары, әулеттің басшысы Қоңырқожа Қожықов «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» деген тарихи әрі нақты атауын қалпына келтіру мәселесін қоюына өз үлесін қосқан ағартушы ғалым болғанын жеткізді. Оның ұлдары Құлахмет, Қожахмет, Нұрахмет, Сұлтан-Ахмет сынды он саусағынан өнер тамған азаматтар ұлт өнерінің төрінен өз орындарын алғанын жеткізді.
– Қазақты әлемге қазақ ретінде танытқан екі дүние бар. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болса, екіншісі, қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған, әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын алған «Қыз Жібек» фильмнің режиссері, тектінің тұяғы Сұлтан-Ахмет Қожықов екені бәрімізге аян. Әулеттің анасы, сән және қолданбалы өнер шебері Ләтипа Қожықованың қазақ қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызының қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері Ф.Рузвельтке сыйға тартылып, қазір АҚШ-тағы Рузвельт музейінде сақтаулы. Сондай-ақ, ежелгі қазақ қолөнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйымдары мен ұлттық киім үлгілерін Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінен көруге болады», – деген өңір басшысы Қожықовтар династиясының шоқтығы биік туындылары бүгінде халықтан өз бағасын алып, ел мақтанышына айналғанын атап көрсетті.
Мұнан соң Сәуле Қожықова сөз сөйлеп, әулет өмірінен естеліктер айтты. Қожықовтар әулетінің қазақ тарихында өзіндік орны бар екендігін тілге тиек етіп, көрмеге 70-тен аса туындылар қойылғанын жеткізді. Және де халық шеберінің немересі ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Көрмеге Ләтипа Қожықованың қолынан шыққан туындылар, атап айтқанда, ою-өрнек, сахналық киім үлгілері қойылған. Сондай-ақ, Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтардың тамаша туындылары назарға ұсынылды. Олардың ішінде, қылқалам шеберлерінің қарындашпен, акварельмен салынған туындылары, спектакльге, кинофильмге арналған иллюстрациялары бар. Көрмені көркемсурет галереясынан 19 сәуірден 15 мамырға дейінгі аралықта тамашалауға болады.
Осы күні А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Ләтипа Қожықова және қазақтың ұлттық сурет өнері» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, республикадан келген белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері Қожықовтар әулетінің қазақ өнеріне қосқан үлесін атап көрсетті. Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов ашып, дарынды қазақ қызы, Сыр елінің мақтанышы, халық шебері Л.Қожықованың 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибе­лік конференцияның орны ерекше екеніне тоқталды.
– Бейнелеу өнерінің құдіреті туралы айтар болсaқ, адам ойының қанаты, жігер мeн қайрат берер оты, адам жaнының тазалығы осында. Бейнелeу өнері өсіп кeле жатқан жастардың ұлттық рухының биік болуына, сaлт-дәстүрі мен Отaнға, елге, жергe деген махаббaтын оятуы­на үлкен үлесін тигізеді. Бүгін біз осы құдіретті өнерімен әлемді мойындатқан қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сән үлгілерінің шебер тігіншісі Ләтипа Қожықованың қоғамдағы, өнердегі өнегелі жолы мен шығармашылық ізденістерінің маңызы жайлы сөз етпекпіз. Бұл, ең алдымен, зерделі өнер иесінің зейінді жолын жалғастыратын жастарға үлкен тәрбие, – деген облыс әкімінің орынбасары сөз кезегін Сәуле Құлахметқызына берді. Әйгілі суретшінің немересі Қожықовтар әулетімен, олардың өмір жолдарымен таныстырды. Тағдыр талайы­­на ұшырап, құрбан болғандар жөнінде айтып, кейінгі ұрпақтары туралы да сөз қозғады.
Мұнан кейін «Қазақстанның тұңғыш театр суретшісі, халық шебері Ләтипа Қожықованың қазақ бейнелеу өнеріндегі рөлі» тақырыбында Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің аға ғылыми қызметкері, өнертанушы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Гүлнәр Жұбаниязова баян­дама жасап, Ләтипа Қожықованың қазақ сурет өнерін дамытудағы рөлін айтты. Өнертанушы қазіргі таңда 100-ден аса ою-өрнек үлгілері Өнер музейінде сақтаулы тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар, көркемөнерпаздарға арналған киім үлгілері де бар екенін атап, мұрағаттан табылған құжаттарға тоқталды. Орталық музейде халық шебері жасаған киіз үй де бар екенін атады.
Келесі кезекте «Қожықовтар қолтаңбасы» тақыры­бында Өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР Сурет­шілер Одағының мүшесі Жамбыл Нәтбаев хабарлама жасады. Өнертанушы 1958 жылы қазақ қызының Америка Президенті Ф.Рузвельтке қазақ ұлттық киімдерін сыйға тартуынан-ақ оның үлкен суретші екенін байқауға болатынын айтты. Сондай-ақ, Қожахмет пен Құлахметтің туындылары шоқтығы биік екенін тілге тиек етті. 1926 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордада тұңғыш Бүкілқазақстандық республикалық көрмесі өткенін, Қазақстан суретшілерінің тұңғыш көшпелі көрмесі де 1928 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылғанын айтқан Жамбыл Нәтбайұлы қазақтың дәстүрлі өнер академиясын осы өңірде ашып, оған Ләтипа Қожықованың есімін беру лайықты екенін жеткізді.
Конференция барысында «Личное дело Конырходжи, Конурходжа Кожыков яркий представитель Туркес­танского Джадидизма» тақырыбында Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ докторанты, қожықовтанушы Хакан Ас, «Қоңырқожа Қожықов – ұлттық элитаның көрнекті өкілі» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Тұрсын Хазіретәлі баяндама жасап, саясаткер, көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, мектепке алғашқы әліппені жазған Қоңырқожа Қожықов жөнінде мағлұматтар берді.
Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алдажар Әбілов «Бүгінгі таңдағы Сыр мәдениеті мен руханияты және Ләтипа Қожықова» тақырыбында хабарлама жасап, өңір мәдениетінің жетістіктерін жеткізді, Қожықовтар әулеті туралы тың деректерді айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Сыр елінің ғана емес, қазақ халқының, біртуар шебер тұлғасы Ләтипа Қожықованың өмір жолы мен қызметіне арнал­ған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция мазмұны жағынан тағылымды, ғылымға негізделген зерттеулердің ашылуына себепкер болғанын жеткізіп, жиынды қорытындылады. Конференциядан кейін белігілі режиссер Болатхан Нүсіпбековтың Қожықовтар әулетінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тарлан» деректі фильмінің тұсауы кесілді.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
21 сәуір 2018 ж. 1 562 0