Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Перзентхана алдындағы шоу дәстүр ме, даңғаза ма?

Перзентхана алдындағы шоу дәстүр ме, даңғаза ма?

Перзентхана табалдырығын басқан әрбір ананың жүрегіндегі қорқынышы мен қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы ретте босану бөлмесінде сәбиін омырауына салып емірену ең үлкен бақытты сәттің бірі дерсіз.

Отбасы санын бір жанға толықтырған сәбиді әуенмен, отшашумен, тума-туыс, дос-жараны жиналып арнайы естелік суретке, видеоға түсіріп шығарып алып жатады. Бұл олардың алғашқы немесе көптен күткен сәбиі болуы бек мүмкін. Бірақ та бұл кезеңде перзентхана ішіндегі өзге де ана мен баланың жағдайы қандай болып жатқаны, перзенханадан екінші отбасының анасыз сәби не сәбисіз ана шығып келе жатқаны өзгені алаңдатпайтыны өкінішті. Сәбиін қолына ұстап шыққан жалғыз ананың жай-күйі де жүрегіне қаяу түсірері анық. Түрлі аниматорлар перинаталдық орталықтың есік алдын жарнамалап отырып кішігірім кәсіпке айналдырып та үлгерген. Фотоға түсіріп дер кезінде шығарып беретіндері де бар. Бұл жағдайға терезеден телміріп куә болып отырған жас ананың жағдайын ойлайтындар жоқ секілді. Жан сақтау бөлімінде аппаратпен, зонтпен жатқан сәбиінің жанында көз жасын сығып тұрған бейбақ ананың көз жасы-ай?!

Осы ретте аудандық перзентхана бөлімшесінің акушеркасы Динара Қантаева былай деді.

– Әуендетіп, гүлмен, шармен шығарып алу – бұл міндет емес. Бұл тек адамдардың көңіл-күйін білдіретін бір мезеттік шаруа, әдемі жоралғы. Ең маңыздысы – ананың жағдайы мен баланың тыныштығы. Егер жас босанған ананың жағдайы шаршаңқы, тітіркенгіш, көпті қаламай тұрса – онда тыныш, қарапайым шығарып алған дұрыс. Ананың көңіл-күйі – ең басты назарда болуы қажет. Ал егер ол сондай әдемі сәтті қаласа, қуанышпен, қуатпен тұрса – онда, әрине, думандатып алып шығуға болады. Бірақ артық камера, айқай-шу керек емес, салқын ауа болса, баланы қалың қылып орау міндетті. Анаға ауыр зат ұстатпау керек. Көп адам баланы суық «шыңдап жібереді» деп қате ойлайды, бұл мүлдем дұрыс емес. Жаңа туған баланы суыққа әдейі ұстауға болмайды, оның иммунитеті әлі әлсіз. Суық тигізіп алуы да мүмкін. Ең дұрысы ананың да жылы киінгені, балаға жылы орағыш, жай ғана әдемі, тыныш, қуанышты атмосфера болса жеткілікті, – дейді перзентхана маманы.

Иә, дегенмен кейбір аналар тұңғышын дүниеге алып келсе, жолдасына өзі қалағандай алып шығуын талап етіп жатады. Лимузин жалдатып, ұл немесе қыз кейпіндегі аниматордың шоу көрсетіп құрметпен шығарып алуын қалайды. Ал кей ана баласымен үйіне үн-түнсіз ішкі қуанышпен, бір шоқ гүлімен отбасымен қауышуға асығады.

Көптеген адамдар заманға сай шығарып алу сәтіне оң көзбен қарап қолдап жатса, кейбір адамзат құп көрмейтінін айтып жатады.

Бұрынғы кезде ата-бабамыз сәбиін қымтап перзентханадан шығара сала тыныштықта бесік ішіне салып, көптің көзінен, сөзінен сақтап отырған. Жас босанған ананы ешқандай шоусыз, сәбиін бауырына қысып, әжесінің бөкебайына орап үйіне тез жеткізіп, қалжамен баптап терлетіп, жайлылық пен тыныштықта ұстаған. Құтты болсын айтушы ағайын-туысқа шілдехана жасап беріп, алғашқы ит көйлегін кигізіп түрлі ырымдар жасалатын. Жеті айлық шалабай болса, атасының тымағына салып баптаған.

Жалпы перзентханадан шығарда жеке бас гигиенасын сақтап нәрестенің, ананың жағдайына қарап ыңғайлы көлікке отырғызып және жанына отырған адамның жұқпалы ауруы болмауы да аса маңызды.

Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
15 қараша 2025 ж. 36 0