Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жергілікті газет жылнамасы

Жергілікті газет жылнамасы

Осыдан тура 82 жыл бұрын, яғни 1939 жылғы 26 наурызда аудандық газеттің алғашқы нөмірі оқырман қауымға жол тартты. Бұл аудан тарихындағы елеулі оқиға еді. Сол кезеңнен бастап аудандық басылым заманы тынысын дөп басып, халыққа қажетті ақпараттарды ұсынып, аймақтың баспасөз саласында өзіндік орнын, айшықты төрін қалыптастырды.

Қысқаша айтар болсақ, аудандық газеттің тарихы 1939 жылдың 26 наурызынан басталады. Алғашында басылым оқырман қауымға «Сталин жолы» деген атпен таралған. Кейіннен, яғни 1956 жылдың 1 маусымынан бастап «Еңбек майданы» болып өзгертілсе, 1963-1967 жылдары «Сырдария», 1967-1992 жылдары «Еңбек Туы», 1992-1997 жылдары «Тереңөзек тынысы» болып жарыққа шыққан. Ал, 1997 жылдан күні бүгінге дейін «Тіршілік тынысы» атауымен таратылуда.

«Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық газет жұмысы сан алуан тақырыпты, бағытты қамтиды. Бүгінде газетіміз аптасына екі рет 3947 данамен таратылуда. Шығармашылық топ мүшелері түрлі айдарлар бойынша оқырманға ой саларлық дүниелерді, маңызды мақалаларды, сұхбаттарды жариялауда. Атап айтқанда, «Шалғайда жүрген бір түлек», «Кент көшелері», «Ой түрткі», «Сұхбат», «Жетістік», «Ауыл жаңалығы», «Еңбек адамы», «Мамандығы – мақтанышы», «Кәсібі – нәсібі», «Ойталқы», «Өнеге», «Шамшырақ», «Жас болсаң, жалындап тұр», «Заң үстемдігі», «Поэзия», «Дарын», «Көкейкесті» секілді айдарлар бойынша мақалалар тұрақты түрде жарияланып келеді.

Сонымен бірге тілшілер қоғамдағы келеңсіз және проблемалық мәселелерді тақырып арқауы етіп, сыни бағытта да қалам тербеуде. Соның негізінде сын тезіне іліккен мекемелер «Жазылған жайдың жаңғыры» айдары бойынша оқырманға газет арқылы түсінік беруде. Тұрақты авторларға арналған «Оқыдық, пікір айтамыз» және «Айтайын дегенім» атты қос айдар жұмыс жасайды. Газетте «Қоғам», «Аймақ», «Таным», «Әлеумет», «Бюджет», «Есеп» секілді беттер беріліп отырады. Мұнан бөлек әр айдың соңғы аптасына арнайы «Сенбілік бет» ұйымдастыру қолданысқа енгізілді. Негізінен кез келген оқырманға газеттің есігі ашық, басылым қызметкерлері де кез келген азаматпен ашық әріптестік байланыс орнатуға, мәселелерді бірлесе талқылауға дайын.

Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Бүгінде газеттің таралымын арттыру бағытында нақты міндеттер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша газет 3947 данамен таратылуда. Былтыр бұл көрсеткіш 3661 дана болған. Алдағы уақытта мұны 4000-ға жеткіземіз деген нақты жоспарымыз бар. Газеттің мазмұны байыса, оқырманға қызықты ақпараттар жарияланса, бұл жоспар артығымен орындаларына сенім мол. Ол үшін тек бірлесе еңбек етіп, әрбір қызметкер өз міндетін адал атқару керек.

Аудандық газет жанынан ардагер-журналист Мүсілім Қалмұратұлы төрағалық ететін бастауыш ардагерлер ұйымы құрылған. Ардагерлердің арнайы жұмыс бөлмесі жасақталып, қажетті кеңсе заттарымен қамтамасыз етілген. Суреттер мен кітаптар сөресі қойылған. Газет қызметкерлерінің орташа жасы шамамен 37 жасты құрайды. Бас редактордың орынбарсары Ердос Беркінбаев, бөлім меңгерушісі Бибісара Жанәлі, тілші Балтабай Ордабеков, дизайнер Гүлсім Әлжанова, бас маман Нұргүл Сарқыншақова, баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова, менеджер Шархан Махамбетов секілді өз ісінің білікті мамандары газет сапасын арттыру жолында еңбек етуде. Мұнан бөлек кент пен әрбір елді мекенде таратушылар қызмет атқарады. Қызметтік көлік, ыңғайлы жұмыс бөлмелері бар. 82 жылдық тарихы бар іргелі ұжымда тату тірлік, берекелі бірлік қалыптасқан деп айтуға болады. «Бір ұжым – бір кітап» жобасы бойынша әр ай сайын ұжым мүшелері белгілі бір ортақ кітапты оқып, талқылап, пікірлесуді дәстүрге айналдырды. Бұл ұжым қызметкерлерінің ойын, мақсатын, көзқарасын бір бағытқа тоғыстыруға тікелей әсер етуде.

Редакцияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр. Сондықтан осындай ұжымда еңбек ету – зор абырой әрі бақыт. Аманжол Оңғарбаев басқаратын «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық басылымның алдағы уақытта абырой биігінен көріне беретініне сенім мол.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
26 наурыз 2021 ж. 555 0