Кезекті есепті кездесу өткізілді
Кеше аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев А.Тоқмағанбетов ауылы және Тереңөзек кентінің тұрғындарымен есепті кездесу өткізді.
Кездесуге құқық қорғау саласының қызметкерлері, дербес бөлімдер мен коммуналдық сала басшылары қатысты.
А. Тоқмағанбетов ауылында өткен жылы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі бойынша түсіндірме жұмыстардың нәтижесінде 11 азамат несие алса, кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы аясында 14 азамат грант иегері атанған.
Ағымдағы жылы ауылда Ш.Мұнарбаев, Е.Боранбаев көшелеріне күрделі жөндеу, Қашқынбаев көшесіне жарық орнату және ауылдық емханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ауыл тұрғындары өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тілеп, ұсыныс пікірлерін жолдады.
Аудан әкімінің орынбасары Д. Байдушевтың келесі кездесуі кент орталығында жалғасты.
2022 жылы инновациялық гранттар мен жаңа бизнес идеяларды іске асыру бойынша 68 жоба, қаржылық қолдау шаралары шеңберінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 41 жоба қаржыландырылды. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Сонымен қатар, есепті мерзімде Тереңөзек кенті бойынша А. Алиакбаров көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, оның ішінде автомобиль жолы мен жаяу жүргіншілер жолы, спорт және ойын алаңдары орнатылды.
«Қызылорда-Жалағаш» автожолының Тереңөзек кентіне кіреберіс қиылысына бағдаршам орнатылып, жол-көлік қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстары атқарылды.
1,5 шақырым болатын И. Тоқтыбаев тұйығы мен А. Иманов көшесінің бірқатар орамдарына тас төсеу жұмыстар атқарылды.
Орталық стадионға стрит болл, И. Тоқтыбаев көшесі бойына балалар ойын алаңы салынды.
Демеушілік есебінен Б. Момышұлы, А.Алиакбаров және орталық паркке типтік жобадағы спорт алаңдары мен спорт тренажерлары орнатылып, пайдаланылуға берілді.
Шаруашылықтардың демеушіліктерімен 7 көпқабатты тұрғын үйлер жөнделді. И. Тоқтыбаев көшесін орташа жөндеу, оның ішінде тротуар мен темір бетонды лоток орнату жұмыстары атқарылуда.
Ағымдағы жылы бұрынғы О. Мәлібаев ауылының кітапхана ғимараты демеушілік есебінен құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Тереңөзек кенті бойынша 24 көшені орташа жөндеу жобасы ұсынылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Кент тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өз кезегінде ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелер бойынша тұрғындармен жеке қабылдау өткізіліп, жауапты мекеме басшыларына жұмыс жасауды тапсырылды.
Бибісара ЖАНӘЛІ