Тұрғындар мәселесін тыңдады
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде аудан әкімінің есепті кездесуі жалғасын табуда. Бұл жолы аудан басшысы Мұрат Ергешбаев Бесарық, Қоғалыкөл және Шіркейлі ауылының халқымен кездесті. Халық жиынына аудан прокуроры А.Кемалов, аудандық полиция бастығы Ғ.Тұрсекеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, дербес бөлімдер мен коммуналдық сала басшылары қатысты.
Әдеттегідей, аудан басшысы өткен жылғы жұмыстарға тоқталды. Ауданды дамытудағы атқарылған жұмыстарды айтып, барлық саладағы оң нәтижелерді назарға ұсынды. Мұнан соң әрбір елді мекен бойынша алда атқарылуы тиіс мәселелерді саралады.
Негізінен, берекесі артқан Бесарық ауылында былтыр Ғ.Мұратбаев, С.Мінайдаров, Ә.Өтешов, К.Әуезова, Тәуелсіздік көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылда 11 азамат мемлекеттік бағдарламалар аясында жылқы, сиыр малдарын көбейту және бордақылау, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін несие алса, 32 азамат грант алып, кәсібін бастаған. Одан бөлек инвестор «Абай-Даулет» ЖШС-нің демеушілігімен 2 отбасыға тұрғын үй салынып берілген.
– Ауылдағы берекелі жұмыстар биыл да өз жалғасын табады. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарына арналған жаңа қоныстану аймағы үшін жоба дайындау, көшелердің электр желілерін ауыстыру, өткен жылы басталған спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын аяқтау жұмыстары жүргізілетін болады. Ауыл халқының тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар біздің тұрақты бақылауымызда, оларды бюджет мүмкіндігіне сай атқара беретін боламыз, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Былтыр Қоғалыкөл ауылында да бірқатар көше жөндеу көрді. Елді мекендегі Тілеу ұста және Қ.Сәтбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолының белгілі бөлігі 151 млн теңгеге жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ ауыл халқы көтеріп жүрген электр желілері де толық ауысатын болды. Бұған республикалық бюджеттен 499 млн теңге қаржы бөлінген және тиісті жұмыстар наурыз айында бастау алмақ.
Кездесуде қоғалыкөлдіктер көшелерді жөндеу, жер мәселесі, ойын алаңдарын салу, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты сауалдарын жолдады.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне жақын орналасқан Шіркейлі ауылындағы халық жиынына облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов, облыстық құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, тиісті басқармалардың басшылары арнайы қатысты.
Алдымен аудан әкімі осы жылы ауылға қатысты атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
– Биыл аудан бойынша 11,6 млрд теңгенің 75 жобасы республикалық және облыстық бюджетке ұсынылып, қазіргі таңда 7,7 млрд теңгенің жобаларына тиісті қаржылық қолдаулар көрсетілді. Алдағы бюджеттік нақтылауларда қалған жобаларға қаржы алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, Шіркейлі ауылы бойынша ағымдағы жылы ауылдық фельдшерлік-акушерлік бекетке күрделі жөндеу жүргізіліп, аяқталуы жақын. Елді мекендегі Қ.Қожамжаров және Бейбітшілік көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты бүгінде тиісті мемлекеттік сатып алу жұмыстары жасалуда, – деді аудан басшысы.
Негізінен, Шіркейліде кәсіпкерлік саласына бет бұрғандар көп. Статистикалық мәліметтер келтіретін болсақ, ауылдық округ бойынша 136 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 131 жұмыс істеп тұр. Ауыл халқы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Аграрлық несие корпорациясының «Іскер» бағдарламасы бойынша 8 кәсіпкер 27 млн теңге несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Ал «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша 2 кәсіпкер мал бордақылау бағытында 6 млн теңге несие алған. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты ауылдан 34 адам алып, өз кәсіптерін бастаған.
Шіркейлі ауылында соңғы кездері үлескерлер арасында өзекті мәселе бар. Осыған байланысты кездесуде тұрғындар тарапынан «Мәді қажы» ЖШС-нің төрағасын ауыстыру мәселесі көтерілді. Бұған қатысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов тиісті заңнамалық тұрғыда түсіндірме берді. Шаруашылық және үлескерлер арасындағы мәселені зерделей келе, халықтың ұсынысымен заңды тұрғыда тиісті нормаларды сақтай отырып, шаруашылық төрағасын жалпы жиналыс өткізу арқылы сайлауға келісімге келді. Заң талаптарына сәйкес, алдын ала хабарлама беріліп, жалпы жиналыстың күні белгіленетін болады.
Үш ауылдағы кездесуде тұрғындар көкейлеріндегі мәселелерін атқарушы билікке жеткізді. Аудан әкімі халық көтерген мәселелер бақылауда болып, сол негізде жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Е.БЕРКІНБАЕВ