Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ТИІМДІЛІГІ ТҮСІНДІРІЛДІ

ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ТИІМДІЛІГІ ТҮСІНДІРІЛДІ


Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында электронды қызмет көрсетудің халық үшін тиімділігі жөнінде кеңінен айтылды. Бұл мақсатта елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, іс-шаралар жоспары айқындалды. Сырдария ауданында жүйелі жоспарлар негізінде атқарылуы тиісті жұмыстар басталып кетті.
Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында е-gov электронды үкіметтің веб-порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен аудан әкімі аппаратының электронды әкімдікті интеграциялау, дамыту және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің ұйымдастыруымен ашық сабақ өткізілді. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде және №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде ұйымдастырылған ашық сабақ барысында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының басым бағыттары жөнінде оқушыларға мәлімет берілді. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының - Қызылорда облысы бойынша филиалы -"Халыққа қызмет көрсету орталығы " департаментінің Сырдария аудандық бөлімінің мамандары мектеп мұғалімдері мен оқушыларға мемлекеттік қызметтерді үйде отырып-ақ, уақыт шығындамай және тез арада алуға болатынын түсіндірді. Анықтамалар алу бойынша онлайн көрсетілімдер ұйымдастырылып, ақпараттық нұсқаулықтар таратылды. Слайд арқылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жөнінде фильм көрсетілді.
Ашық сабақта оқушылар өз ойларын білдіріп, электронды үкімет порталының тиімділігі мен мүмкіндіктері көп екенін атап өтті. Ұйымдастырушыларға алғыс айтып, сала мамандарының кеңесінің негізінде алдағы уақытта қажетті анықтаманы мекемеге барып кезек күтпей, артық уақыт шығындамай, үйден-ақ алатындарын айтты. Ашық сабақта аудан әкімі аппаратының электронды әкімдікті интеграциялау, дамыту және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің бас маманы Е.Булебаев аудандық білім бөлімімен бірлесіп, өзге де мектептерде осы тектес іс-шаралар өткізілетінін жеткізді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
16 ақпан 2018 ж. 1 352 0