Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық турнир жеңімпаздары

Облыстық турнир жеңімпаздары


Жақында облыс орталығындағы «Еуразия» спорт кешенінде халыққа қызмет көрсету орталығының халыққа қалтқысыз қызмет еткен азаматы, білікті басшы, өз ісінің білгірі Бердіхан Исматуллаевты еске алуға арналған шағын-футболдан облыстық ашық турнир өтті. Оған аймақтағы ХҚКО қызметкерлерінен құралған 9 команда қатысып, бақ сынады.
ХҚКО ұжымы мен Бердіхан Лесханұлының жанашыр достары ұйымдастырған ашық турнирге Сырдария мен Жалағаш аудандарының ХҚКО қызметкерлерінен құралған команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Олар жарыс барысында «Орда» (1 қалалық бөлімі), «Достар», Қармақшы, Арал командаларымен кездесулер өткізіп, қарсыластарын басымдықпен жеңген.

– Әріптесіміз Б.Исматуллаев өз ісінің білгірі еді. Халыққа қызмет көрсету жұмысында көпке үлгі болып, қажырлы еңбек етті. Бүгін сол білікті басшыны еске алуға арналған ашық турнир ұйымдастырылып, ХҚКО-ның аймақтағы қызметкерлері қатысып, жақсы ойын көрсетті. Оның ішінде, біздің команда ерекшеленіп, биыл бірінші рет өткізілген турнир жеңімпазы атанды. Бұл алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ, - деді команда капитаны, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті Сырдария аудандық бөлім басшысы Ж.Жұмабаев.
Шағын футболдан ашық турнир нәтижесінде «Сырдария-Жалағаш» құрама командасы жүлделі I орынды жеңіп алды. Ал II орынды «Достар» командасы иеленсе, III орын «Орда» командасына бұйырды. Және де үздік ойын көрсеткен ойыншылар да арнайы дипломдарға ие болды. Жеңімпаздардың барлығы ақшалай сыйақымен марапатталды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
20 қаңтар 2018 ж. 1 405 0