Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Архив – тарих сақтаушысы

Архив – тарих сақтаушысы

Архив – елдің тарихындағы құнды құжаттар мен деректерді, елдің шежіресіне қатысты мәліметтерді сақтайтын мәдени ошақ. Тарихи кезеңдегі айтулы оқиғалардан бастап ел өміріндегі елеулі жаңалықтар архивте сақталып, сол жерде ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткізіледі.

«Сырдария аудандық архиві» филиалы мекемесі 1988 жылы құрылған. Қазіргі уақытта аудандық архив мекемесінде 40 мыңнан астам архивтік құжаттар 141 қорға бөлініп сақталуда. Жыл сайын жоспарға сәйкес аудандық архив ауданға қарасты барлық мекемелердің құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдайды. Оның ішінде басқару құжаттары, жеке тектік құжаттар және фотоқұжаттар бар. Аудандық архив жұмысының негізгі бағыты − Ұлттық архив қорын қалыптастыру, оны тиісті құжаттармен толықтыру, ол құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және мемлекет мүддесі үшін пайдалану.

Архив қорлары 1935-1946 жылдардағы КСРО ішкі істер халық комиссариаты азаматтық хал акті бөлімінің құжаттары (туу туралы актілері, неке туралы актілері), 1936-1991 жылдардағы, яғни Кеңестер Одағы коммунистік партиясы дәуіріндегі аудандағы аудандық атқару комитетінің, ауылдық кеңестердің, мекемелердің, колхоз, совхоздардың құжаттары сақталған, сонымен бірге 1992-2018 жылдардағы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің, ұйымдардың құжаттарын қамтиды. Кеңес үкіметі кезінде сессия, мәжіліс хаттамалары, статистикалық, қаржы есептері, шаруашылық кітаптары, жеке құрам бойынша бұйрықтары, айлық жалақы есептеу ведомостері топтастырылған болса, қазіргі кезеңде аудандық, ауылдық әкімдіктер мен мәслихаттар аппараттарының, аудандық сайлау комиссиясының, білім, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, мәдениет үйлерінің, кітапхананың, жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің құжаттары жинақталған. Халық депутаттары Сырдария аудандық Кеңесінің 1993 жылы 6 қаңтардағы №3 қаулысы негізінде Халық депутаттары Октябрь ауылдық Кеңесінің атауы Халық депутаттары Қоғалыкөл ауылдық Кеңесі болып өзгертілді. Тереңөзек кентіндегі 1997 жылға дейін Кеңес көсемдерінің бірі М.И.Калинин атымен аталып келген мектепке, 1998 жылдан бастап тәуелсіз, азат ойдың нәтижесінде Сырдария ауданынан шыққан атпал азамат Иса Тоқтыбаев, №36 А.А.Жданов атындағы орыс мектебіне, 1999 жылы тұрғындардың өтініштерімен аудан басшыларының қолдауымен жерлесіміз, жазушы Әбілда Тәжібаев, №210 мектепке аудандағы алғашқы ағартушылардың бірі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Қазақ КСР-ның еңбегі сіңірген мұғалімі» Оспан Әбілпаттаев есімдері берілген.

Сонымен қатар, аудандық архив қорының құрамында ауданның тарихына, мәдениетіне, экономикасына үлес қосып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған белгілі тұлғалардың құжаттары сақталуда. Атап айтсақ, бүгінгі күнде ақын, жазушы, сазгер Балашбек Шағырұлының, «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдерінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Хайрулла Әбеновтың, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстан Суретшілер, Қолөнершілер одағының мүшесі Жәнібек Маханбетовтың, Қазақстанның үздік ұстазы Ұлбосын Қалқоразованың, соғыс және еңбек ардагерлері Әсербай Айкупешов пен Ордаш Майхановтың жеке құжаттары мемлекеттік сақтауға қабылданғанын айтуға болады. Ұрпаққа мәңгі үлгі болатын қоғам қайтаркерлерінің өнегеге толы өмір жолдарын насихаттау мақсатында қор құжаттарынан баспасөз бетіне мақала жарияланады, көрме ұйымдастырылады, мектеп оқушыларына сабақтар өткізіліп тұрады.

Еліміз бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылып, аталмыш бағдарлама аясында 2013 жылдан бастап аудандық архив филиалы қорында сақтаулы тұрған құжаттарды сканерлеу арқылы электронды жүйеге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құжаттарды цифрландыру дегеніміз - құжаттарды сканерлеу арқылы түпнұсқалығын бүлдірмей оның электронды форматта сақталуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Сырдария аудандық архиві» филиалында сақтауда тұрған құжаттарды сандық форматқа көшіру толықтай жолға қойылды. Қоймада сақтауда тұрған мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерден алынған маңызды құжаттарды атап айтқанда жеке құрам бойынша және негізгі қызметке байланысты бұйрықтар, айлық жалақы есептеу ведомостері, қаулылар, шешімдері және басқа да тұрақты сақталатын құжаттар сандық форматқа көшірілуде. Бұл құжаттарды толығымен цифрландырып, азаматтардың қажеттілігін өтеу - архив қызметкерлерінің міндеті.

Үнемі нәтижелі жұмыс жасауды мақсат етіп қойған архив саласының мамандары дерек пен дәйекті таразылап, үздік қызмет көрсетуге барын салады.


Ж. ЕРМАХАНОВ,
«Сырдария аудандық архиві»
филиалының архивисі
Фото: ашық дереккөзден
15 қазан 2026 ж. 63 0