Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдардың әлеуеті жақсарып келеді

Ауылдардың әлеуеті жақсарып келеді

«Орталық атқарушы органдар бас­шыларының, әкімдердің, ұлттық жо­ғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өт­кізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақ­пандағы №190 Жарлығына сәйкес ау­дандағы барлық ауыл әкімдері бір күнде халық алдында есеп берді. Ауыл халқымен кездесулерде ауыл әкім­дері елді мекендерде 2020 жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері жөнінде баяндады. Сон­дай-ақ ауылдық учаскелік полиция инспекторлары да атқарылған жұ­мыс­тар есебін берді.

Есеп беру жиындарына аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, елді мекен тұрғындары қатысты.

Жалпы, пандемияға қарамастан аудандағы елді мекендерде даму динамикасы сақталды. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Айдарлы ауылындағы «Ақтам» және Аманкелді ауылындағы «Қызылту» каналдары тазартылып, көптен бері қозғалған аяқ су мәселесі шешімін тапты. 157 гектардан астам үй іргелік және бау-бақшалық жерлер аяқ сумен қамтамасыз етілді. Ал Жетікөл ауылы халқы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында тәулік бойы таза ауыз суды тұтынып отыр. Соның нәтижесінде, Сырдария халықты сапалы ауыз сумен қамтыған аймақтағы бірден-бір аудан саналады.

Берекелі Бесарық пен қасиетті Қоғалыкөл ауылында жыл бойына жоспарлы жұмыстар жүргізілген. Беcарық ауылындағы №147 орта мектеп күрделі жөндеуден өтсе, Қоғалыкөл елді мекеніндегі Ы.Ал­тынсарин көшесіне балалар ойын алаңы са­лынған. Ал Шіркейлі ауылында 6 көше орташа жөндеуден өткен.

Республикадағы үлгілі ауыл Н.Ілиясов ауылында кәсіппен айналысушылар қатары көбейген. Елді мекенде «Еңбек» бағдарламасы бойынша мал ша­руашылығы бағытымен 14,6 млн. теңгенің 5 жобасы қаржыландырылса, бағдарламаның грант бөлу тетігімен 16,1 млн. теңгеге 29 жоба қаражат ұтып алған. Ал аудандағы үлкен ауыл Шағанда 1 көше жарықтандырылса, 2 көше асфальттанып, 2 ойын алаңы салынған.

Өткен жылы Іңкәрдария ауылында аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолының 10-25 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында жүзеге асып, 50 адам жұмысқа тартылыпты. Аймақтағы тіректі ауылдардың бірі саналатын Ақжармаға 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Соған орай елді мекендегі Садық ахун, Е.Омаров, А.Есентұров көшелеріне темір бетон лотоктар орнатылып, М.Әукенов, Т.Балапанов, Е.Омаров, Садық ахун көшелеріне жарықтандыру жүргізілген. Сондай-ақ 7 көше жөндеуден өткен.

Аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендерде де тиісті жұмыстар атқарылған. Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептің ішкі су құбырларын және кәріз жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілсе, С.Сейфуллин елді мекенінде 6 көше орташа жөндеуден өтіп, аудандық бюджет есебінен Шортанбай би көшесіне балалар ойын алаңы салынған. Ал ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектептің өжіресі қайта жаңғыртылып, жаттығу залына ай­налған. Сонымен қатар Тереңөзек кенті мен Асқар Тоқмағамбетов ауылы арасындағы тас жолдың 2,5 шақырымы жөнделген.

Санитарлық талаптар сақталған есеп беру кез­десулері барысында ауыл тұрғындары атқа­рылған жұмыстарды бағалап, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Дана халқымыз «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді. Сондықтан жергілікті әкімдер халықпен етене жұмыс істеп, елдің әлеуетін арттыруға түрлі жобаларды жүзеге асыруы тиіс. Сол арқылы халық жұмыспен қамтылып, тұрмыс түзеледі, ауыл өркендейді. Ауыл гүлденсе, Қазақстан гүлденеді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
02 ақпан 2021 ж. 492 0