Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа мереке, Жаңа жыл, жаңа күн

Жаңа мереке, Жаңа жыл, жаңа күн

Тәуелсіз елімізге, әр отбасыға қадам басқан Жаңа 2023 жыл мерекесін қарсы алу шарасы орталық алаңда аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен өтті.

Жаңа жыл – өткенді ой елегінен өткізіп, атқарылған жұмыстарды саралап, жаңа бағытқа бетбұрыс жасайтын ерекше мереке.

Ерекше мерекеде аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы аудан тұрғындарына құттықтау лебізін білдірді.

- Әр жылдың өзіндік өрнегі бар. Өтіп бара жатқан жыл Сырдария ауданы үшін де бірлік пен берекеге толы табысты жыл болды. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылды, барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткіздік.

Барлық көрсеткіш бойынша Сырдария ауданы облыс бойынша алдыңғы қатарда.
Сырдария ауданы аймағымызда ауыл шаруашылық саласындағы «Үздік аудан» атанып, жылды айтулы нәтижемен қорытындылады.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ауданда 500 жобаға 3 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Соның негізінде 450-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.

2022 жылға аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеуге 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 23 жоба іске асырылды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 133 млн. теңге қаржы бөлініп, 9 км автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Алдағы 2023 жылы аудан бойынша жол жөндеу, жаңа құрылыс нысандарын салу, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін жаңарту мен жаңғырту, ауыз су желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
2023 жылға республикалық, облыстық бюджеттен жалпы құны 3,6 млрд. теңгеге 34 жоба қазіргі таңда толық алынды. Қалған жобаларды бюджетті нақтылау кезеңінде алуға жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа жыл мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толы болғай! Тәуелсіз еліміздің, ауданымыздың жарқын келешегі үшін еңбек етіп жүрген барша аудан тұрғындарына бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін!-деді аудан басшысы.

Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концертіне ұласып, отшашу шашылды.
01 қаңтар 2023 ж. 329 0