«Үздік ауданның» үздіктері марапатталды
Кеше аудандық мәдениет үйінде жыл қорытындысына байланысты салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, жыл көлемінде ауданда атқарылған жұмыс нәтижесі сараланды.
Мерекелік кеште аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, биылғы атқарылған жұмыстарды тізбектеді, алдағы міндеттерге тоқталды.
– Өтіп бара жатқан жыл Сырдария ауданы үшін бірлік пен берекеге толы табысты жыл болды. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылды. Арнайы тоқталып өтер болсам, 2022 жылға арналған аудандық бюджет 13,1 млрд теңгені құрады. Аудан бюджетінің 73 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Барлық көрсеткіш бойынша Сырдария ауданы облыс бойынша алдыңғы қатарда. Аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп 4,1 есеге ұлғайса, өңдеу 55,4 пайызға өсті. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі көлемі орындалып, инвестиция 200 пайызға, тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 72,3 пайызға артып отыр. Биыл ауданда шаруашылық құрылымдары 33 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, 21 мың гектарға күріш егіліп, аудан бойынша барлығы 133 мың тонна күріш салысы жиналды. Америка, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне 16 мың тонна ақ күріш экспортталды. Сырдария ауданы аймағымызда ауыл шаруашылық саласындағы «Үздік аудан» атанып, жылды айтулы нәтижемен қорытындылап отырмыз. Сонымен бірге, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамаларының негізінде кәсіпкерлік саласы өркендей түсті. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ауданда 500 жобаға 3 млрд қаржылай қолдау көрсетілді. Соның негізінде 450-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды, – деген Мұрат Нәлхожаұлы басқа салалардағы жетістіктерді де атап өтті.
Алдағы жылы Тереңөзектегі жаңа ықшамаудан инфрақұрылымына және елді мекендердегі жолдарды жөндеуге басымдық беріле бермек. Сонымен қатар келер жылға Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылдарына газ жүргізуге республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлінеді деп күтілуде.
Құттықтаудан соң жыл қорытындысымен ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», «Аманат» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, партия төрағасы Е.Қошановтың «Құрмет грамотасымен», «Ы.Жақаев» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, «Қазақстанның Алтын кітабына» енген сырдариялықтар да марапат төрінен көрінді. Одан бөлек жыл көлемінде әртүрлі саладағы жеткен жетістіктері үшін «Жыл үздіктеріне» де арнайы құрмет көрсетілді. Айта кетейік, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті ұжымы «Жаңалық жаршысы» номинациясымен марапатталды.
Мерекелік кеште ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Е.БЕРКІНБАЕВ