Ұлттық өнер дәріптелді
Ел егемендігінің ең басты құндылықтарының бірі – ата-бабадан мирас болған мұралар. Оның қатарында қазақтың қолөнері бар. Біз жаңа қоғамда қанша жерден санаға сілкініс жасап, заманауи дүниелерге бет бұрсақ та өткеннен келе жатқан өнер туындыларымызды қолданыстан еш шығармаймыз. Өйткені, біздің түпкі түйсігіміз қазақы құндылықтарымызбен астасып жатыр. Бұл ретте, халық қазынасы болған қолөнер туындыларының шоқтығы биік.
Ұлттық қолөнер – ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, халықтың өткен тарихы, рухани, мәдени, материалдық өмірінің айнасы десек, осыны дәріптеу үшін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағылымды іс-шара өтті. Ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп базасында көркем еңбек пәні мұғалімдері арасында «Үздік шебер – 2022» тақырыбында фестиваль-байқауы өткізіліп, қолөнер құндылықтары насихатталды.
Іс-шараға елімізде ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, қолөнер шебері Жәнібек Маханбет, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Жәркен Исмағұлов, Айдарлы ауылының қолөнер шебері, «Әлбатырованың түкті кілем үйрету шеберханасының» жетекшісі Роза Әлбатырова, белгілі суретші Әділбек Бәйменов, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар қатысты.
Байқауда шебер ұстаздар өздері жасаған қолөнер туындыларын таныстырды. Олар ұмытылып бара жатқан түкті кілем тоқу, ағаштан түрлі бұйымдар жасау, сырлы бояулар арқылы суреттер салу, түрлі маталармен тұрмысқа қажетті дүниелерді тігу, қалдықтардан пайдаға асатын заттарды жасау және тағы да басқа қолдарынан шыққан туындыларын ұсынды. Сонымен бірге байқау барысында түрлі бұйымдарды жасап көрсетті.
– Ата-бабамыз тұрмыстың өне бойында қолөнер бұйымдарын қолданған. Олар табиғи таза. Бүгінде сол ұлттық құндылықтарымыз қолданыстан шығып бара жатыр. Бұған біз жанашырлықпен қарауымыз керек. Заманауи тұрғыдан түрлендіріп отырғанымен бұрынғы қазыналарымызды сақтап қалуға тиістіміз. Өйткені, бұрынғының ізімен ағаштан жасалған дүниелер, біріншіден, табиғи таза болады, екіншіден, денсаулыққа пайдалы. Сондықтан мектептерде жас ұрпаққа сабақ беріп жүрген шебер ұстаздар осыған ерекше мән беру керек, – деді қолөнер шебері Жәнібек Маханбет.
Бүгінге түкті кілем тоқып, алыс-жақын елдерге жөнелтіп отырған Роза Әлбатырова да ұлттық қолөнерге әркез қолдау керектігін алға тартты. Қолөнер шебері қазіргі таңда елімізде кілем тоқу өнері қолданыстан шығып бара жатқанына қынжылысын білдірді. Десе де өзі ауылдың қыз-келіншектеріне осы өнерді үйретіп, дәріптеп келеді. Тіпті, көптеген халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып, қолөнер туындыларын жұртшылық назарына ұсынуда. Осы бағытта кімге де болса көмек көрсетуге, ақыл-кеңесін айтуға әркез әзір екенін де тілге тиек етті.
Сөз кезегінде мүсінші Ж.Исмағұлов, суретші Ә.Бәйменов қазақ халқының ұлттық қолөнері жайлы құнды мәліметтерімен бөлісті, ой-пікірін ортаға салды. Байқауға әкелінген ұстаздардың еңбегінің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Бірі ұлттық киімдерді тігумен айналысса, енді бірі кілем тоқу шебері екен. Құрақ құрау, ағаштан түйін түю, темірден түрлі бұйымдар жасаған ұстаздар шеберліктерін көрсете білді.
Қазылар алқасының шешімімен үздік шеберлер анықталды. Атап айтқанда, І орынды №174 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Жанат Өтегенова жеңіп алды. №137 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Светлана Бәйімбетова мен №42 мектеп-лицейдің ұстазы Абылай Сәрсембаев ІІ орынды иеленсе, №44 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Ләззат Бакирова мен №131 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Уәлихан Таңсықбаев ІІІ орынға ие болып, бағалы сыйлықтар алды. Сонымен қатар барлық қатысушы «Алғыс хатпен» марапатталды. Марапатты аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар табыс етті.
Е.БЕРКІНБАЕВ