Игерілмеген жер кері қайтарылады
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды. Мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, кент және ауыл әкімдері, дербес бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Аудан басшысы жылдың қорытындылануға жақын қалғанын айтып, бағдарлама әкімшілеріне бұған дейін жүктелген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ келесі жылдың бюджетін қалыптастыруда нақтылыққа мән беруге ерекше назар аударуды тапсырды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы баяндама жасады. Бөлім басшысы ауданның жалпы жер қоры 4 260 635 гектарды құрайтынын айтып, оның ішінде ауданның негізгі әкімшілік аумағының көлемі – 2 904 533 гектар болса, 1 356 102 гектары Ұлытау облысынан ұзақ мерзімді пайдалануға алынған жерлер екенін атап өтті. Сондай-ақ есепті мерзімде бөлімге заңды және жеке тұлғалардан барлығы 202 өтініш келіп түскенін, бәріне заң аясында тиісті жауаптар берілгенін жеткізді.
– Бүгінгі күнге барлығы 530 шарт жасалды. 2022 жылдың 11 айында мемлекеттік қызмет стандарттары бойынша 2122 қызмет көрсетілді. Бұдан бөлек, ауданға қарасты елді мекен жерлерінен 23 учаске «E-qazyna» жүйесі арқылы сауда-саттыққа (аукционға) шығарылып, құны 3 284 717 теңгені құрайтын 17 жер учаскесі жеке тұлғаларға сатылды. Тиісті мақсаттарға сай пайдаланылмаған, құрылысы аяқталмаған нысандар бойынша анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, кәсіпкерлік мақсатындағы 15 жер учаскесі анықталып, тиісті шара қолдану мақсатында облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Соның негізінде 6 жер учаскесінің меншік иелеріне заң бұзушылықтарды жою туралы 1 жылға нұсқама берілді, 2 жер учаскесінің табысталғанына 3 жыл мерзім толмағандықтан жоспардан тыс тексеру жұмыстарына негіз жоқ екендігі хабарланды. Бұдан бөлек, берілген нұсқамалар нәтижесімен кәсіпкерлік мақсаттағы 5 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, – деді бөлім басшысы.
Жер дауларына байланысты соңғы жылдары сотта қаралып жатқан істер де көбейген. Бұл бөлім жұмысының ауқымдылығын, маңыздылығын білдіреді. Қазірдің өзінде жер қатынастары саласына қатысты сотта 8 іс қаралуда. Бұл істердің барлығы бөлімнің күнделікті бақылауында және заңнама аясында нақты шешімдер қабылдануда. Осы және басқа да мәселелер туралы айтқан бөлім басшысы мақсатына сәйкес пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға ерекше басымдық берілетінін айтты. Қайтарылып алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға қосу да күн тәртібінен түспейді.
Аудан әкімі жер реформасын түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ аудандық жер комиссиясының жұмысын ашықтыққа негіздеу қажеттігін айтып, бюрократияға жол бермеуді тапсырды. Өз кезегінде аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов ауылдарда өткен есеп беру жиындарында жер қатынастары саласына байланысты көтерілген мәселелер назардан тыс қалмау керектігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе қысқы жылу беру маусымына арналды. Бұл туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Бисембаев хабарлама жасады. Бөлім басшысы аудан бойынша әлеуметтік нысандардағы жылу беру маусымының өту барысы қалыпты екенін айтып, 2022 жылға әлеуметтік нысандарға қажетті сұйық және қатты отын сатып алуға 537,4 млн теңге қаржы бөлінгенін жеткізді.
– Бүгінгі күнге барлық бу қазандықтары ақаусыз жұмыс жасауда және жеткілікті отын қорларымен қамтамасыз етілген. Аудандық білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерінде дәліздегі жылуы +17, +19 және ішкі бөлмелердің жылуы +19, +21 градусты құрап, жылу қалыпты жағдайда берілуде. Ауданда тұрғындарға қатты отын қажеттілігі 10 мың тоннаны құрайды. Осы кезеңде елді мекендердің тұрғындарына барлығы 9 828 тонна көмір немесе қажеттіліктің 98 пайызы жеткізілген. Оның ішінде, қаңтар-қараша айларында теміржол арқылы барлығы 56 вагон немесе 3864 тонна көмір келген болса, жеке жүк көліктерімен 5 964 тонна көмір тасымалданған. Қазіргі таңда «Углесбыт» серіктестігінің базасында 50 тонна «Шұбаркөл», 300 тонна «Екібастұз» көмірі сатылымда бар. Ауылдық округі әкімдері тарапынан тұрғындардың көмірмен қамтылуы бойынша үйлерді аралау жүргізіп, қатты отынның жеткізілу барысына мониторинг жасалды. Жалпы, облыс орталығына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының басым көпшілігі көмір отынын Қызылорда қаласынан сатып алуда, – деді бөлім басшысы.
Айта кету керек, Тереңөзек кенті табиғи газға қосылуына байланысты биыл көмірге сұраныс азайған. Бүгінгі күнге дейін Тереңөзек кентіндегі 2503 тұрғын үйдің 1994-і көгілдір отынға қосылған. Қалған 509 үй қатты отынмен жылытылуда. Сондай-ақ 17 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылған. Қалған 9 әлеуметтік нысанның қазандықтарын табиғи газға лайықтандыру мақсатында жобалау сметалық құжаттары әзірленбеген. Осыған орай газбен жабдықтау жобасын қаржыландыру үшін тиісті ұсыныстар енгізілген.
Аудан әкімі жылу беру маусымының маңыздылығын тағы да бір ескертіп, кент және ауыл әкімдеріне, мекеме басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Сондай-ақ отын қоймаларында болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында күнделікті кешенді жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Мәжіліс соңында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы А.Жұмабеков жылу беру маусымын сапалы өткізуді бақылау мақсатында кент және ауылдарда жүргізілген мониторинг қорытындысын баяндады. Аудан басшысы мониторинг қорытындысымен тапсырмалар беріп, орындалуын жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ