Шаруалар төрге озған күн

Ауыл шаруашылығы саласында қос бағытты қатар ұстанған «Абай Дәулет» ЖШС және «Бесарық» ЖШС-нің мамандары жылды табысты қорытындылады. Толағай жетістікке қол жеткізген қос шаруашылықтың мамандары «Алтын дән – 2022» мерекесін атап өту мақсатында облыс орталығындағы «Hayat Palase» мейрамханасында басқосты.
Көпшілікке мереке мезіретін сезіндірген іс-шараға Абай-Дәулет» ЖШС басшылары Мұрат Сәрсенбаев, Марат Сәрсенбаев, Бесарық ауылының әкімі Дәулет Сәрсенбаев, «Бесарық» ЖШС төрағасы Мақсат Биболатов, сала мамандары мен кеш қонақтары қатысты.
Шаруалардың көптен күткен дүбірлеген тойы керемет естеліктерімен есте қалды. Шіліңгер шілденің ыстығы мен күзгі дауыл арасындағы күндерде аянбай еңбек еткен жандардың мерекесінде сөз алған«Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев жиналған жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
– Елімізде ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Ерте көктемнен егістік басынан табылатын диқанның жұмысы ауыр екендігін жақсы білеміз. Біздің әрбір жетістігіміздің бастауында Сіздер тұрасыздар. Әркез қиындыққа мойымай, бар ауыртпалықты жеңуге күш салып келесіздер. Әрбір сала маманының атқаратын қызметінің маңызы зор. Сыр саласын өндіруде су тапшылығына қарамастан, озық тәжірибелерді қолданудамыз. Алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жоспар бойынша жүргізіле береді.
Айта кетейік, мал шаруашылығы саласында жеткен жетістігіміз көп. Бақташы, сауыншы секілді қызметкерлеріміз бел жазбай еңбек етеді. Қазақта «Мал баққанның бағы бар» деген жақсы сөз бар. Жылдың әрбір мезгілінде тыным таптайтын жандарды біз әрдайым мақтан тұтамыз. Барлық әріптестерімді бүгінгі мерекемен құттықтаймын, – деді Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.
Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар берекелі Бесарық ауылының тұрғындарына арнап әуелете ән айтты. Мың бұралған бишілер еңбеккерлердің көңілін айрықша серпілтті. Сонымен бірге қызықты ойын ойнатылып, қонақтарға бағалы сыйлық берілді.
Ал марапаттау сәтінде еңбек маусымында табандылығымен көзге түскен еңбек озаттары, механизаторлар, бригадирлер, жұмысшылар, сауыншылар назардан тыс қалмады. Талай жыл қос шаруашылықтың жұмысын жандандыруға үлес қосқан бірқатар ардагер құрметке бөленді. Барлық марапат төрінен көрінген жандарға қаржылай сыйлық табысталды.
Айта кетейік, «Алтын дән – 2022» мерекесінде озат күрішші атанған Еділ Оңалбаев 30 гектардан 100 центнерден өнім алған. Кәсіби маман Бауыржан Аппахов 30 гектардан 83 центнер Сыр салысын алып, екінші межені бағындырған. Үздік үштікті түйіндеген Шарафат Боданов 30 гектардан 82 центнер өнімге қол жеткізген. Қай кезде де, озаттар қатарынан көрінген шаруалардың жұмысына табыс тілейміз!
Маржан ӘШІРАПБАЕВА