«Абай-Дәулет» жетістік жолында

Бесарық ауылында «Абай-Дәулет» ЖШС-іне қарасты мал бордақылау базасы 11 гектар жер учаскесінде орналасқан. Мұнда мал шаруашылығы қарқын алып, шаруалар еңселі еңбек етуде. Қазіргі таңда 5800 бас қой, 200 бас түйе, 100 бас сиыр, 50 бас жылқыға 30 жұмысшы күтім жасайды. «Сыр дәмі» брендімен шығарылатын шұбат, сүт, айран, ірімшік, сары май өнімдері облыс орталығында дайындалады. Сауыншылар күнделікті 25 бас түйе мен 20 сиырдан мол өнім алып, орталыққа жөнелтеді.
Айта кету керек, Бесарық елді мекенінде мал бордақылау алаңы жанындағы бақта бірнеше алма сорты өсірілуде. Алмабақтың өнімі жыл сайын ауыл тұрғындарына үлестіріледі.
Өткен жылы «Абай-Дәулет» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтары мен «Қазақстанның үздік тауары – 2019» республикалық көрме-байқауында отандық өнімді экспорттаушылар арасында үздік деп танылып, «Ұлы дала елі» ортақ брендінің жеңімпазы атанған болатын. Аталмыш жүлдені компания басшысы Мұрат Сәрсенбаев иемденіп, облыс мерейін асқақтатты. Жалпы алғанда компания отандық өнімді өндіріп, бағыт-бағдарын айқындауда. «Абай-Дәулет» ЖШС-інде 15 мың қойды бағуға арналған ферма салынған. Негізінен кәсіпорында қасапхана, зертхана тұрақты жұмыс жасайды. Серіктестік 150-ден аса адамды жұмыспен қамтыған.
Жүйелі жұмысты ұйыстыра білген компанияның мал азықтарын өндіретін зауытының сыйымдылығы 5 мың тоннаны құрайды. Зауыт тәулігіне 5 тонна құрама жем өндіреді. Осы күні зауытта 6 адам еңбек етуде. Кәсіпорында бағылатын мал басына байланысты мол азық қоры жасақталады.
Облыс көлемінде қой шаруашылығын дамытуда өзіндік үлесі бар «Абай-Дәулет» ЖШС-де қошқарлардың салмағы 100 келіден асады. Ал аналықтары 70-80 келіге дейін жетеді. Бақташылар жылына 100 бастан 110-120-дан төл алуда. Бұл нәтиже күні-түні жасалған еңбектің арқасы екені мәлім. Табанды еңбегімен танылған төраға Мұрат Сәрсенбаев әркез сапалы өнім өндіруге көңіл бөледі.
Бүгінде күріш өсіруді аталмыш компания Қызылорда қаласы мен Сырдария, Қармақшы аудандарында қолға алып келеді. «Syr dani» брендімен өнім еліміздің барлық аймағы мен ТМД елдеріне экспортталады.
Күріштің барлық сортын өндіретін компания жыл сайын ауданға қарасты Бесарық елді мекенін көркейту-көгалдандыруға күш салуда. Ауылдың ажарын айшықтап, әлеуетін көтеруде. Білікті басшы Мұрат Сәрсенбаев Бесарық ауылына кіріберіс көшесіне жөндеу жүргізіп, ел игілігі жолында ауқымды шараларды қолға алып келеді.
Қазіргі пандемия уақытында «Абай-Дәулет» ЖШС тарапынан көпшілікке қолдау кеңінен көрсетілуде. Қиын-қыстау кезеңде ел-халқының еңсесін тіктеп, барлық жағынан демеушілік жасауда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ