Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Комиссия отырысы өтті

Комиссия отырысы өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссияға аудан прокуроры Асқар Кемалов қатысып, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев төрағалық етті. 

Кезекті комиссия отырысына Сырдария аудандық полиция бөлімінің 2022 жылдың 11 айында атқарған жұмыстары туралы және пробация есебінде тұрғандарды жұмыспен қамтамасыз ету жағдайы туралы мәселе ұсынылып, қаралды.

Алдымен сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Н.Қордабаевтың баяндамасы тыңдалды. Биылғы жылы аудан көлемінде 11 айда 97 қылмыс тьіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11,8 пайызға төмендегенін көрсетеді. Жасалған қылмыс бойынша талдау жасаған баяндамашы қоғамдық орындарда, көшеде, мас күйінде жасалған қылмыс, қару қолданып жасалған қылмыста өсім бар екендігін айтты. Ал бұрын сотты болмағандармен жасалған қылмыс біркелкі болса, топтасқан қылмыс 45,5 пайызға төмендеген.

– Мал ұрлығы 50 пайызға (8-ден 12-ге) өсім алып отыр. Сондықтан мал ұрлығының алдын алуға және ашуға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, жолдарда мал тасымалдайтын көлік құралдарын тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тіркелген 12 мал ұрлығының 3 қорадан, 9 дерегі қараусыз, бақташысыз өрістен ұрланып отыр. Бұл ретте, аудан әкімдігінде өткен әрбір ведомствоаралық құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырыстарында малды міндетті түрде падамен бағуға бақташыларды енгізу ұсынылғанымен, ауыл әкімдерімен бұл бағытта жұмыстар әлі күнге дейін толық шешімін таппай келеді, – деді Н.Құрбанәліұлы.

Жол қозғалыс қауіпсіздігіне, сандық технологияларды дамыту, алаяқтық қылмысы туралы айтылды. Хабарламашы Н.Қордабаев ең бастысы тұрғындардың полицияға деген сенімін арттыру, полицияның оң имиджін қалыптастыруда мұнан әрі де нәтижелі жұмыс атқарылатынын айтты.

Екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев баяндама жасады.

Аудандық пробация қызметінің есебінде 44 адам тіркеуде тұр. Квота бойынша 10 жұмыс орны белгіленіп, бүгінгі квота толығымен орындалған. Квотадан тыс 10 азамат жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленген. 

– 2022 жылға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды және пробация қызметінде есепте тұратындарды қайта әлеуметтендіру, қайта оңалту орталығының жұмысын ұйымдастыру мақсатында әзірленген әлеуметтік жоба іске асты.  «Сырдария-Нұрдария» Қоғамдық қорымен 13 шара ұйымдастырылды. Заңгерлік көмек және кеңес беру, спорттық іс-шара, мәдени-демалыс іс шарасы. «Мектепке жол акциясы» аясында пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың көмекке мұқтаж балаларына мектеп сөмкелері мен кеңсе құралдары және 25 отбасыға азық-түлік түрінде қайырымдылық көмек көрсетілді, – деді бөлім басшысы.

Ведомствоаралық комиссияны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Д.Серікбайұлы бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде бақылауға алынатынын ескертті.
Бибісара ЖАНӘЛІ
09 желтоқсан 2022 ж. 346 0