АУДАННЫҢ ДАМУЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Тамыздың 15 күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 25 сессиясы болды. Сессияға аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Лекеров, мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, депутаттар, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Лекеровтың «Сырдария ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы» есебі тыңдалды.
Облыс бойынша барлық маңызды салалар дамудың оң динамикасына қол жеткізген. Ал, кейбір салалардың көрсеткіштерінде аудан көш басына шыққан.
– 2018 жылға арналған аудандық бюджеттің түсімдері 7,5 млрд. теңге көлемінде, оның ішінде өз кірістері 5,0 млрд. теңге көлемінде бекітілді.
2018 жылдың 6 айының қорытындысымен аудан бюджетінің түсімдері 4,6 млрд. теңгеге немесе 101,8%-ға орындалса, өз кірістерінің болжамы 102,7%-ға орындалып отыр. (1,9 млрд. теңге).
Аудан бюджетінің шығын жоспары ағымдағы кезеңге 100%-ға орындалды.
Халық саны 2 мың адамнан асатын кент және 7 ауылдық округтердің 2018 жылға арналған бюджетінің кірістері 1 млрд. 56 млн. теңге көлемінде бекітіліп, 1 млрд. теңгеге 73 млн. теңгеге нақтыланды.
Халық саны 2 мың және одан да аз 6 ауылдық округтер бойынша жыл басындағы ақша қалдығы 2966,7 мың теңге. 2018 жылдың 6 айында қолма-қол бақылау есеп шоттарына түсірілгені 3,4 млн. теңге түсірілді, оның ішінде аудан бюджетінен 3,3 млн. теңге трансферттер берілсе, өз басқаруындағы мемлекеттік мүлікті жалға (жалдауға) беруден 128,0 мың теңге түсірілді. (С.Сейфуллин – 55,9 мың теңге, А.Тоқмағанбетов – 21,5 мың теңге, Қалжан ахун - 42,6 мың теңге және Айдарлы – 8,0 мың теңге), ал жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрдегі алымдары 15,0 мың теңге (А.Тоқмағанбетов – 10,0 мың теңге, Жетікөл – 5,0 мың теңге).
Жыл басынан бері есепшоттардан елді мекендердегі көше жарығын күтіп ұстау, көркейту-көгалдандыру, абаттандыру мақсаттарында, санитарлық-тазалық жұмыстарына барлығы 3,1 млн. теңге жұмсалынды.
2018 жылдың 1 шілдесіне жағдай бойынша 3,3 млн. теңге көлемінде қалдық қаражат қалыптасты.
Ағымдағы жылдың І-ші жартыжылдық қорытындысы бойынша аудан экономикасына 13,2 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,3 пайызға артып отыр.
Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарының көлемі 6,3 есеге ұлғайып, 6503 шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді,– деді Б.Лекеров.
Білім беру, спорт, мәдениет, ауыл шаруашылығы салаларында бірінші жарты жылдықтың қорытындысымен аудан көрсеткіштерінде өсім бар.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасына 2018 жылы көтерме жәрдемақыға 84 маманға 168350 теңгеден 14,3 млн. теңге қаржы бөлінді. Жоспар бойынша 1 жартыжылдықта барлығы 54 маманға 9,1 млн. теңге жеке есеп шоттарына аударылды.
Тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиеге 62 маманға 225,8 млн. теңге қаржы бөлінді. Тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюджеттік кредит 3,6 млн. теңге. 1 жартыжылдықта 32 маманға 109,3 млн. теңге аударылды.
Шағын және орта бизнесті дамытуда оң динамика қалыптасты: аудан бойынша 2139 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,5 пайызға өскен.
Мұнан соң депутаттарға аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі басшысының есебі берілді.
– Ағымдағы жыл басынан барлығы аудан бойынша 161 (2017ж.-183) қылмыс тіркеліп, - 12,0 пайызға төмендеген.
Үстіміздегі жылда орын алған қылмыстардың төмендеген түрлері келесі:
– мал ұрлығы 32-ден 28-ге -12,5 пайызға
– зорлау дерегі 1-ден 1-ге 0,0 пайызға
– бұзақылық 4-ден 5-ге 25,0 пайызға
– алаяқтық 2-ден 2-ге - 0 пайызға
– тонау 1-ден 0-ге -100,0 пайызға
– есірткі қылмыстары 39-дан 10-ға -74,4 пайызға
– пәтер ұрлығы 7-ден 13-ге -85,7 пайызға
– бөтен мүлік ұрлықтары 98-ден 103-ке 5,1 пайызға.
– қару қолданып жасалған қылмыстар (3-ден 0-ге) -100,0 пайызға төмендеген.
Қылмыс жасалу әдістері мен орын алуын сараласақ:
– мас күйінде жасалған қылмыстар (21-ден 12-ге) - 42,9 пайыз.
– қоғамдық орында жасалған қылмыстар (7-ден 14-ге) 100 пайыз.
– көшеде жасалған қылмыстар (4-тен 10-ға) 150,0 пайыз.
– отбасылық-тұрмыстық жасалған қылмыстар (0-ден 1-ге) 100 пайыз.
– бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар (39-дан 48-ге) 23,1 пайызға өскен.
Оның ішінде қылмыс санаттарына талдау жасасақ :
– аса ауыр қылмыстар 2-ден 2-ге 0 пайыз.
– ауыр қылмыстар 31-ден 11-ге -64,5 пайыз.
– орташа санаттағы қылмыстар 102-ден 119-ға 16,7 пайызға өскен, – деді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Н.Қасымхан.
Қызылорда облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Ибраев Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымына Қуанышбек Шүкіровті тағайындауға келісім беру туралы хабарлады. Сонымен қатар аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Б.Құлмақов «Сырдария округтік сайлау комиссиясын сайлау туралы» аудандық мәслихаттың 2014 жылғы 10 сәуірдегі №226 шешіміне өзгеріс енгізу туралы, кент әкімінің орынбасары А.Ұзақбаев кент көшелеріне атау беру және қайта атау туралы хабарлама жасады. Мәслихаттың кезекті сессиясында тағы да басқа мәселелер қаралып, депутаттар назарына ұсынылды.
Б.ЖАНӘЛІ
Пікір 1