Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық полицейлер мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейтті

Қызылордалық полицейлер мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейтті

Мал ұрлығын анықтау және оның жолын кесу мақсатында Қызылорда облысының Полиция департаменті жедел – профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың 10 айында облыс бойынша жалпы ұрлық қылмыстарының саны 14,9 пайызға төмендеген.

Мал ұрлығына қарсы күресте де оң динамика қалыптасып отыр. Есепті кезеңде аталған санаттағы қылмыстар -12,1 пайызға азайып, ашылу көрсеткіші жақсарған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан 4 күдікті топ ұсталып, олардың 12 қылмысқа қатыстылығы анықталды.

Облыс көлемінде барлығы 65 мал басы ұрланып, оның 41-і иелеріне қайтарылды.

Полиция мал ұрлығының алдын алу бағытында профилактиканы күшейтті. Тексеріс жұмыстарынан бөлек бақташылармен де сөйлесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Оларға мал ұрлығы жасалған жағдайда қандай жаза қолданылатындығын түсіндіріп, тиісті ережелер жазылған жадынама қағаздар таратты.

Жайылымдағы малдарға мұқият болып, оқыс оқиғалар орын алған жағдайда дереу «102» арнасы арқылы полиция қызметкерлеріне хабар беру туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мал ұрлықтарының алдын алу мақсатында белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 1005 әкімшілік шара көрілді.

Ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп атқарған рейдтікіс-шаралар нәтижесінде жалпы 430 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Қала, аудан орталығында орналасқан мал базарлар мен онда келетін күре жолдарда, сондай-ақ ет сату орындарында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
13 қараша 2026 ж. 21 0