Адал еңбек иелері марапат төрінде
Қоғам тазалығы – өмір сүру мәдениетіміздің өлшемі. Сондықтан тазалық қай кезде де ауадай қажет. Ал «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық акциясы облыс орталығынан бастап, аудандар мен шалғай ауылдарды тазартуға, күл-қоқыстарды жинап, көшелер мен алаңдарды көркейту-көгалдандыруға ерекше септігін тигізді.
Соңғы бірнеше айда облысымызда да сенбілік жұмыстары қарқынды түрде ұйымдастырылды. Эконауқанға мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар қарапайым тұрғындар да жауапкершілікпен атсалысты. Зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, белсенді жастар халыққа үндеу жолдап, сана тазармай, аула тазармайтынын айтып, баршаға ортақ іске бір кісідей үлес қосуға шақырды. Соған сәйкес, ауданымызда да әр апта сайын жалпыхалықтық сенділіктер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жұртшылық тазалық сақшыларына көмек көрсетті.
Көктем, жаз айларында жүргізілген тазалық жұмыстары күз айында да жалғасып, халықтың қоғам тазалығына көзқарасы өзгерді. Бұл елдің бірлігін, туған жерге деген құрметі мен патриоттық сезімін көрсетті. Осыған орай, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық эконауқанға белсенді түрде қатысқан азаматтарды марапаттады.
Салтанатты іс-шарада тазалыққа баса мән беріп, туған жеріне шынайы жанашырлықпен, құрметпен қарайтын азаматтарға еліміздегі танымал шипажайларға жолдама табысталса, алдағы уақытта тазалығы бойынша үздік атанған ауылдарға жаңа саябақ, ойын алаңы мен бағалы сыйлықтар берілетіні жария етілді. Достық үйінде өткен іс-шарада аймақ басшысы алдымен, президенттік сайлау науқанына белсенділік танықтан жерлестеріне алғыс білдіріп, сырбойылықтардың ауызбіршілігі арқасында Қызылорда облысы үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтті.
– 20 қараша күні жылдың ең ауқымды әрі ең маңызды саяси оқиғасының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қашанда ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған Сыр халқы елдің болашағы айқындалатын сындарлы сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа зор сенім артып, дауыс берді. Мызғымас бірлігіміздің, тату-тәтті тірлігіміздің, қазақы болмысымыз бен жарқын болашаққа деген халықтың зор сенімінің арқасында сайлауға қатысушылардың саны 81,07 пайызды құрап, аймағымыз үздіктер қатарынан көрініп, республика бойынша екінші орынға тұрақтады. Ел жаңғыруының бастамасы ретінде маусым айында Ата Заңымыз Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген республикалық референдумда да Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарынан көрінген болатын. Бұның барлығы да аймақ тұрғындарының Мемлекет басшысына деген сенімі, стратегиялық реформаларын қолдауының нәтижесі, – деді Н.Нәлібаев.
Облыс әкімі сындарлы кезеңде азаматтық белсенділігі және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен азаматтарды Қазақстан Президентінің арнайы «Алғыс хатымен» марапаттады.
Сондай-ақ аймақ басшысы Президент бастамасымен қолға алынған қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан сырбойылықтарға алғыс білдірді және алдағы уақытта да тазалық іс-шараларына белсене қатысуға шақырды.
Күннің ыстығы мен желдің өтінде тынбай еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек азаматтарына «Көкшетау», «Мерке», «Сарыағаш» және «Жаңақорған» емдік-сауықтыру шипажайларына 30 жолдама табысталды. Одан бөлек, акция нәтижесімен үздік атанған 7 ауылдық округке су сорғысы берілді.
– Келесі жылдан бастап конкурс арқылы «Үздік аудан орталығы», «Үздік ауыл» және қала ішіндегі «Үздік мөлтек аудан» анықталып, жеңімпаздарды қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер мен еріктілерден құралған тәуелсіз комиссия таңдайтын болады. «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орынға арнайы жол тазалағыш КАМАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілсе, ІІ орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор, ал ІІІ орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор сыйға берілмек. «Үздік ауыл» номинациясын иеленген үш ауылға да бағалы сыйлықтар табысталады. І орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал ЗИЛ автокөлігі, ІІ орынға жер қазатын трактор мен тіркеме, ал ІІІ орынға жер қазатын трактор беріледі. «Үздік мөлтек аудан» номинациясы бойынша І орынға сквер, спорттық алаңмен жарықтандыру жұмыстарын жүргізіледі. ІІ орынға абаттандыру мен спорттық ойын алаңын салса, ІІІ орынға абаттандыру жобалары сыйға берілмек. Келесі жылы елді мекендерде тазалық, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен айналысатын арнайы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды құрып, оларға облыстық бюджеттен материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті техникалар сатып алынады, – деді облыс әкімі.
Айтулы іс-шарада сырдариялықтар да марапат биігінен көрінді. ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков марапатталды. Ал «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқаны үшін тереңөзектік зейнеткер, қоғамдық тазалық жұмыстарының белсендісі Роза Рақымбаева мен кент әкімі аппаратының қоғамдық жұмысшысы Гүлжазира Едренова «Сарыағаш» шипажайына, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орман шебері Кенжебек Мұстафаев «Жаңақорған» шипажайына демалуға жолдама алды. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің «Алғыс хаты» Тереңөзек кенті әкімі аппаратының қызметкері Алмас Ибрагимұлына берілді. Сонымен қатар Қоғалыкөл ауылының әкімі Б.Рахымбеков пен Шіркейлі ауылының әкімі Т.Құламқадіровке жыл бойы тазалық жұмыстарын жақсы ұйымдастырғаны үшін ауыл игілігіне қолдану мақсатында су насосы табысталды. Осылайша, облыс орталығында өткен салтанатты іс-шарада сырдариялықтардың мерейі үстем болып, марапат төрінен көрінді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ