Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлім басшысы білім ошақтарын аралады

Бөлім басшысы білім ошақтарын аралады

Апта ағымында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков бірқатар білім ошақтарын аралап, жұмысымен танысты. Білім саласына жауапты басшы ең алдымен №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепті аралап көрді.

Негізінен, осыдан бірнеше жыл бұрын қызмет бабында қаза тапқан ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың есімі өзі оқыған мектепке берілген болатын. Қазіргі уақытта білім ордасында даңқты батырды еске алуға арналған іс-шаралар өткізіліп тұрады. Орта мектептің директоры Айнұр Әлиева өзі басшылық жасайтын білім ошағының жұмыс барысын айтып берді. Сонымен бірге педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру, бітіруші түлектерді ҰБТ-ға дайындау барысын, тәрбие жұмысының басым- бағыттарын саралады.

– Жаңа оқу жылынан бастап жоспарға сәйкес, білім ордасында жүйелі жұмыс жасалуда. Күнделікті оқушыларға сабақ беруде ұстаздар тыңғылықты дайындықпен келеді. Сабақ жоспарын уақытылы дайындауға көңіл бөлінеді. Сонымен бірге балаларды ыстық тамақпен қамту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсету мәселелі басты орында. Тәрбие ісінің жұмыстарына жіті көңіл бөлеміз. Балаларды мәдени-ағартушылық іс-шараларға баулимыз. Нәтижелі жұмыс жасауға ұмтылған ұстаздарымыз сан түрлі байқауларда жүлделі орындар алып жүр. Әрбір бірлестеік бойынша апталық өткізу жолға қойылған. Ұстаздарымыз жаңартылған білім жүйесі бойынша ашық сабақтар өткізеді, – дейді Айнұр Тоқшылыққызы.

Бұдан кейін, бөлім басшысы Тереңөзек кентіне қарасты  «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының жұмысына қанықты. Балабақша ұжымымен кездескен Берік Съездұлы балабақшаның материалдық базасымен танысып, қыс мезгіліне дайындық жұмыстарын пысықтады. Кішкентай балғындарды сапалы білім берудегі ерекшеліктер мен тың жаңалықтар жөнінде тәрбиешілермен пікір алмасты.  

– Бүгін білім ошақтарының жұмысын таразылап, ұстаздармен пікір алмастым. Алдағы қыс мезгілінде білім ошақтарына жылу беруді ұйымдастыру маңызды рөл ойнайды. Сонымен бірге ұстаздардың біліктілігін арттыру мен ҰБТ-ға дайындықты сапалы жүргізуге жіті көңіл бөлген дұрыс. Бітіруші түлектердің сынақ тесттерін тапсыруын қатаң қадағалауға алу – күн тәртібінен түспейді. Алдағы уақытта мектеп оқушылары білім бәсекелерінде бақ сынап, жоғары табысқа қол жеткізеді деп сенеміз. Мәселен жақында жас ұстаздарымыз Арал ауданынан барған болатын. Мұнда белсенді ұстаздарымыз облыс көлемінен жиналған білім саласы мамандарымен тәжірибе алмасты. Жекелеген сайыстарда мықтылық танытты. Сырдариялық ұстаздарды мақтан тұтамыз, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.

Өз кезегінде білім саласы қызметкерлерінің жұмысы жандана берсін демекпіз.
30 қараша 2022 ж. 410 0