Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық бірлестіктің номинациясы тапсырылды

Қоғамдық бірлестіктің номинациясы тапсырылды

Кент мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Әлемді тербеткен ана" атты іс-шара өтті. Іс-шараға қоғамдық ұйым мүшелері мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әйелдер қауымы қатысты. Салихалы аналардың арасында ұлттық киім киіп, кимешек таққан аналардың көрермендердің ортасынан орын алуы іс-шараға сән бергенін атап өту керек.

Үкеміттік емес ұйымдардың арасында белсенді жұмыс істеген қоғамдық бірлестіктің жыл қорытындысына арналған кездесуде Ұ.Жаналиева атқарған жұмысы туралы хабарлады.

 Отбасы және неке құндылықтарын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту мақсатында биылғы жылы 13 іс-шара жоспарланған. Ол үшін аудандық ішкі саясат бөлімі арқылы мемлекеттік сатып алу тетігі бойынша 714 мың теңге қаржы қаралған. Ағымдағы жылдың сәуір-қараша айында 15 іс-шара өтіп, жыл бойы ақпараттандырылды.

– Бүгінгі кездесу 2022 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысына арналады. Жыл бойы қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен түрлі тақырыпта кездесулер мен дөңгелек үстел өтті. Ай сайын жоспарға сәйкес белгілі тақырыпты қамтып отырдық. Оның ішінде мектеп оқушыларымен кездесу, жас отбасылармен дөңгелек үстел, түрлі акция т.б өтті. Биылғы жылдың ерекшелігі қоғамдық бірлестік жанынан "Көшбасшы әйелдер мектебін" құруымыз. Оның құрамында ауданның белсенді қыз-келіншектері бар. Олар осы күні қызмет пен қоғамдық жұмыстықатар алып келеді. Сонымен қатар "Әжелер мектебінің" де өзіндік орны қалыптасты. Атқарылған іс-шаралардың қатарында елге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, ауданның Құрметті азаматы А.Божанова мен белгілі композитор, өнер майталманы, ауданның Құрметті азаматы Р.Таймановпен өткен кешті атап өту керек. Тәрбиелік маңызы зор кездесуде азаматтардың өнегелі өмір жолы насихатталды.

Қайырымдылық акциясы мен киелі Түркістанға саяхат ұйымдастырылып, аналарымыз рухани демалып қайтты. Ел Президентінің кезекті халыққа Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа аса мән берілді. Сондықтан бұл өзекті мәселені де көтеріп, арнайы кеш өткіздік. Айту керек, біздің ауданның әйел-аналары қай кезде де белсенді, қай саланы алып қарасаңыз да өзіндік орны бар әйелдерді көре аласыз. Сондықтан алдағы уақытта да қоғамдық бірлестік өз жұмысын әрі қарай жалғастыратын болады. Барлық әйелдер қоғамнан тыс қалмауы керек. Ардагер аналарымыздың өткен жолы жастарға үлгі-өнеге, – деді қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ұ.Жаналиева.

Қоғамдық бірлестік жұмысы қорытындыланған кеште аудандағы бір топ белсенді әйел-аналар арнайы номинациялармен марапатталды. Олардың арасында бала бақша ардагері, бүгінде қажы атанып отырған Ш.Есқараева «Салихалы қажы әже», «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Б.Өтегенова«Үздік көшбасшы», кейінгі толқын жас басшы қыздардың ішінен қызметі мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген, қазіргі таңда аудандық қаржы бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова «Үздік көшбасшы», ұстаз, Ақжарма ауылындағы балабақша меңгерушісі, қоғамдық кеңестің мүшесі, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Р.Баекеева «Үздік әйелдер кеңесінің төрайымы», кәсіпкерліктің алғашқы қарлығашы, зейнеткер, «Сырдария» қоғамдық қорынын директоры Н.Керейтбаева «Қоғам белсендісі», ардагер ұстаз, көп балалы ана, отбасылық ансамбльдің негізін салушы, 5 келіннің енесі Қ.Ерғалиева «Парасатты ене»,ардагер-ұстаз, қолөнерші, қоғамдық ұйым жетекшісі Ұ.Бекмағанбетова «Шебер ұйымдастырушы» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар ауданның қаржы мекемелерінде жұмыс істеп, Халық банкте және Зейнетақы қоры мекемелерінің басшысы болып қызмет атқарған, мерейлі 70 жасқа келген Қ. Әбілқайыроваға да арнайы марапат табысталды.  Салтанатты кеште көп балалы ана, аудандық емхананың қызметкері, бір әулеттің үлгілі келіні С.Ибрагим«Үлгілі жас ана»номинациясымен, аудан әкімінің Алғыс хатыменмарапатталып, құрметке ие болды.

Қоғамдық бірлестіктің жұмысына оң баға беріп, қолдау білдірген әйел-аналардың атынан Б.Өтегенова, Ш.Есқараева, С.Шамшадиновалар сөйлеп, алғыс айтты.

Бибісара ЖАНӘЛІ
30 қараша 2022 ж. 364 0