Отанға адалдық – ардың ісі
Әрбір адамның бір ғана Отаны бар. Ол кіндік қаны тамып, туып-өскен жері. Халқымыз «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаса керек. Міне, осы Отанға деген адалдық әркімнің бойында болуы міндетті. Олай дейтініміз, кез келген адам өз елінің патриоты болып, Отанның өсіп-өркендеуіне, дамуына елеулі үлес қоса білуі тиіс. Бұл ретте, адал еңбек ету, парасаттылық таныту – басты қағида болмақ.
Адалдық ұғымының аясы кең. Отанға, адамға, достыққа, кәсіпке деген адалдық осылайша бірінің ізін бірі жалғап кете береді. Бірақ, бәрі сайып келгенде, адамның өз-өзіне деген адалдығынан басталады. Өзіне адал адам өзгені де жамандыққа қия қоймайды. Осы ретте, кез келген қызмет, еңбек ету барысында адамдар адалдықтан, адамгершіліктен әрі аттамағаны дұрыс. Бұған хақ дінімізде ерекше мән берілген. Адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету адам баласына Алла Тағаланың жүктеген міндеттерінің бірі болып саналады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, алдап-арбау арқылы пайда табу, түрлі қулық-сұмдық жолдармен келген дүниенің қайырлы болмайтыны әуелден ақиқат.
Қасиетті Құранда «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Маида» сүресі, 5/88) делінген. Яғни, әрбір пенде адалынан еңбек етіп, адалынан ас ішуі керек. Отбасын асырауда осы адалдықтан еш танбағаны абзал.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерде мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла Тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен: «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деп әмір еткен». Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деді» (Мүсілім, зекет, 65). Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады» деп мұңайған еді (Бұхари, Бую, 7). Міне, осылардан аңғаратынымыз қай қызмет болмасын, ол мемлекеттік қызмет, сауда, кәсіпкерлік, қарапайым жұмыста да әрбір жан адалдық ұснамыны ұстану қажет. Сол арқылы ол өзінің Отанға деген адалдығын көрсетеді.
Адам баласы өмір сүру үшін еңбектеніп, мал-мүлкінің болғаны абзал. Тек сол қажетті дүниелерге жетуде адамға туралықтан тайқып кетуіне, қандай да бір адасушылықтарға жол берілмеуі керек. Ең бастысы, адам бойындағы имандылық құндылықтары сақталып, адамгершілік қасиеттерден әрі аспаса болғаны.
Жалпы, қызмет барысында адалдық таныту – құлшылық болып саналады. Бұған қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде» деген хадисі бар. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с) бір жолы Сағыд ибн Муғазды (р.а) жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады» деген еді. Байқағанымыздай, әрбір қажеттілікті адалынан, таза еңбекпен табу өзіміздің мерейімізді арттырады. Сол себепті де маңдай термен тапқан астың қайырлы екенін ұмытпаған жөн.
Дана халқымызда «Отан қадіріне жетпеген, өз қадіріне жетпейді» деген тағылымды нақыл бар. Мұның астарында Отанға опасыздық жасамау, оған адал қызмет ету айтылған. Сондықтан мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына, тазалығына мән беруі керек. Сонда ғана Алла Тағала алдында мәртебелі болмақ.
Асхат АСҚАРҰЛЫ,
аудандық мешіттің
бас имамы
аудандық мешіттің
бас имамы