Адал істің бастауы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында елге қажетті жаңа реформалар ұсынып, жүзеге асыру жолдарын айқындады.
Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін әрбір қазақстандықтың Отанға деген адал ниеті, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті, парасаттылық қағидаты болуы шарт. Осы ретте, парасаттылыққа анықтама беріп өтсек. Парасаттылық – өнегелі, тәлім-тәрбиелі, саналы адамның ұрпаққа көрсететін үлгісі, адал ісі. Парасатты адамға мейірімділік, әдіптілік, ұстамдылық, адамгершілік, инабаттылық, ізгілік, мәдениеттілік, тазалық секілді жақсы қасиеттер тән.
Сондай-ақ құзыреттілік дегенді де атап өтсек. Құзыреттілік дегеніміз – қызметтегі тұлғаның жеке мүмкіндіктерін, оның белгілі бір мәселені шешуге жағдай жасайтын біліктілігі, білімі, іс-тәжірибесі, бір сөзбен айтқанда, адамның өн бойындағы қабілетін іске асыра білуі. Осы тұста, жоғарыда атаған парасаттылық құзыреттілік шеңберінде үнемі қолданыс тапса, онда кез келген қызметте бұрмалаушылық болмайды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді. Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп сенеді. Бұған қатысты мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдептілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.
Қоғам мен мемлекеттің сенімінен шығу үшін мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, сыпайы, қарапайым болуы тиіс. Қызмет бабын жеке мүддесіне пайдалануға болмайды. Олардың Отанға деген адал ниеті, парасатты болуы шарт.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев анықтама бергендей, «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егеменді еліміздің болашақтағы бейнесі». Сол себепті Отанымыз – біреу, ол – Қазақстан. Отанымыздың болашақтағы бейнесі халықтың мүддесінен шығуы үшін және кейінгі ұрпақ алдындағы парызымыз адал, тиісінше болуы үшін тазалықты әр азамат өзінен бастап, заң аясында әрекет еткен жағдайда, мақсат қойған Жаңа Қазақстанның іргетасының мықты болатыны анық.
Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолы – адал істің бастауы. Осы жолда жалған намыспен емес, адал ар-ожданымызбен, үлкен жауапкершілікпен өз үлесімізді қосу – әрбір қазақстандықтың парызы. Белгілі жазушы М.Әуезов сөзімен айтсақ, «Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет. Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза».
З.Рахымшаева,
Сырдария аудандық қазынашылық
басқармасының басшысы