Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария – үздік аудан

Сырдария – үздік аудан

Сүйінші, ағайын! Биыл Сырдария ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамы­туда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген «Үздік аудан» атанды. Мерейлі марапатты облыс әкі­мі Нұрлыбек Нәлібаев қала орталы­ғындағы салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа табыстады. Бұл жетістік – бірлесе еңбек еткен аудан халқының ынтымақ-бірлігінің, қажырлы еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Сондықтан Сырдария ауданы­ның үздіктер көшін бастауы – аудан халқына ортақ қуа­ныш.

Астықты өлкедегі Сыр елінің еңбексүйгіш шаруа­лары биыл су тапшылығының қиындықтарына қа­ра­мастан мол өнім алды. Облыс диқандары 188 500 гектар жерге егін егіп, оның ішінде негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнімге қол жеткізді. Соған сәйкес аймақта егін жинау науқаны қорытындыланып, «Алтын дән» салтанатты іс-шарасы өткізілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін марапаттап, құрмет көрсетті. Сыр өңірінің қамбасын молайтып, ала жаздай еңбек еткен шаруалардың адал еңбегін аймақ басшысы жоғары бағалады.

– Біздің облыс еліміздің күрішке деген қа­жет­­тілігінің 90 пайызын өтеп келеді. Жыл сайын экспортқа 100 мың тонна көлемінде күріш шыға­рылуда. Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейді. Бұл ретте диқан қауымның ұсыныс-тілектерін ескере келе, Прези­дентіміздің пәрменімен күріш егісі көлемін 78 600 гектар көлемінде қалдырдық. Ыбырай Жақаев «егініне қарап – қырманы, күтіміне қарап – түсімі» деген. Күрделі жағдайға қарамастан күріштің әр гектарынан 70 центнерден аса өнім ал­ған «Ақтөбе және к», «Жаңажол», «Абзал және К», «Мағ­жан және К», «Ақжарма және К», «Ақжарма – 1» жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктерін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, күріштің әр гектарынан 90-100 центнерден өнім алған күрішші-звеноводтарымызды мақтан тұтамыз. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, хал­­қымыздың құт-берекесі арта берсін, – деді облыс әкімі.

Айта кету керек, Сыр диқандары биылғы жылы күріш егуді жылдағыдан ерте, яғни 15 сәуірде бас­тап, жауапты кезеңді 10 қазанға дейін толық аяқ­тады. Өңірде суды үнемдеу мақсатында Қазалы ауданында жаңбырлатып суару тәсілімен 87 гектар жерге жүгері егілсе, алғаш рет түрік компаниясымен бірлескен құны 13,8 млрд теңге болатын қызанақ пастасын өндіретін зауыт салынады. Өндіріс жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығарады. Тағы бір атап өтерлігі, биыл аймақта бақша өнімдерін егуге басымдық берілді. Облыс әкімінің тапсырмасы аясында ірі шаруашылықтар егіс егуге ынталы ауыл хал­қына 10-15 гектардан жер дайындап, 6802 отбасы 1833 гектарға өнім еккен.

Салтанатты іс-шарада ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан қос қайраткер Жарылқасын Шәрiпов пен Имамзада Шағыртаевқа «Қы­зыл­орда об­лысының Құрметтi азаматы» ата­ғы табысталды. Сондай-ақ «Алтын дән» іс-ша­расында бірқатар сала қызметкері облыс әкі­мі­нің «Құрмет» грамотасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ең­бек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация иеленді.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімі «Мағжан және К» ЖШС үздік қызметкерлеріне «Lada Vesta» жеңіл автокөлігін сыйға тартса, «Жаңажол», «Ақжарма және К» қожалықтарына «Lada Granta» тұлпарын табыстады. Ал «Таң ЛТД» ЖШС мен «Ақжар» ша­­­­­­­р­уа қожалығы озат жұмысшылары «Chevrolet» авто­кө­лігін мінді.

Аудандар арасында «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткіз­ген үздік аудан» атағы Сырдария ауданына бұйыр­ды. Марапат аудан басшысына табысталып, сырда­рия­лықтардың абыройы асқақтады. Ал «Ауыл ша­руашылығы өнімдерін өңдеу саласы» номинация­­сы бойынша Қазалы ауданы марапатталса, «Мал шаруашылығы» саласында Арал ауданы үздіктер қатарына енді. Сондай-ақ «Егін шаруашылығы» номинациясында Шиелі ауданы жеңімпаз атанды.

Құрмет төрінен орын алған еңбеккерлер арасында озат шопан, бақша өсіруші, күріш өсіруші, комбайншы, агроном, бригадир арнайы алғысқа кенелді. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сыр елінің сахна жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құр­метіне әуезді ән айтып, мерекені думанға бөледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 қазан күні диқандар жиған өнім­дерін тоқшылық мерекесі жәрмеңкеге апарады. Сырбойылықтар 1000 тонна өнімді базар бағамынан 15-20 пайыз төмен бағада ала алады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
15 қазан 2022 ж. 594 0