Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егінші – мәрт, жер – жомарт

Егінші – мәрт, жер – жомарт

Көктемде кетпенін жерге тигізген диқан қауымының мерейі үстем болар шақта қоғалыкөлдік еңбеккерлер де егінге орақ салды. Ала жаздай бел жазбай еңбек еткен шаруалар несібені жинап алудың қамын жасап, алтын күзде қамбаны астыққа толтыруға ниетті. Науқандық жұмыс бас­талар шақта «Қоғалыкөл» ЖШС-нің еңбеккердері еңбек ардагерлерінің ақ батасын алды.

«Егінші – мәрт, жер – жомарт» де­мекші, өз несі­бесін жерден терген диқан қауымы бұл жылдың ай­тар­­лықтай табысты боларына сенімді. Се­бе­бі, ша­руа­шылық еңбеккерлері дамыл таппай, басты да­қыл­дың алқапта жайқалып өсуіне тынымсыз еңбек еткен. Нә­тижесінде, егін бітік шықты.

– Күріштің өнімділігі көңіл қуан­тады. Орым науқа­нына барлық техника мен құрал-жабдықтар сақадай сай. Сабағы дәнге толып, басын көтере алмай тұрған ақ күріш – диқандардың ала жаздайғы еңбегінің көрінісі. Біз биыл 330 гектар жерге егін ектік. Одан бөлек, мал азығы болатын жоңышқаны да күтімге алдық. Жоңышқаны қызметкерлерге жеңілдікпен таратып, қолдан келген көмекті көрсетіп жатырмыз. Бүгінде серіктестікте 60 адам жұмыс істейді, – дейді шаруашылық төрағасы Ғани Ботабаев.

Жиында мехнатты тірліктің тере­ңіне бойлаған ауыл ақсақалдары да­қылды төкпей-шашпай жинап алу үшін диқандарға ақ батасын беріп, жүйіткіген ком­байнның күрішті ору сәтіне куә болды.

Шаруалар дестедегі дәнді саба­ғынан айырып, қырманды тасытса, ауыл халқының да несібесі арт­пақ. Сон­дықтан науқандық жұмыстардың сәтті аяқта­луына тілекшіміз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
10 қыркүйек 2022 ж. 771 0