Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Диқандар мерейі таситын шақ

Диқандар мерейі таситын шақ

Несібесін жерден айырып, ала жаздай маңдай терін төккен сырдариялық еңбеккерлер табысты таразылайтын шаққа келді. «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» деген қағиданы ұстанған еңбекшіл қауым таңның атысы кештің батысы «жерді баптай білдік, енді егінді қаптай білейік» деп, егінге орақ салып, құт қамбаны астыққа толтыруға ниеттенген.

Жыл сайын егінге орақ салуда алғашқы болып бастайтындардың қатарында «Мағжан және К» ЖШС-нің диқандары бар. Аудандағы іргелі шаруашылық техникасы адуынды серіктестік саналады. Сондықтан да егінге орақ салғаннан бас­тап шаруашылық еңбеккерлері аз уақыт ішін­де егілген егінді жинап алады.

Биылғы егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі М.Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев, аудандағы шаруашылық төр­ағалары, ауыл ақсақалдары мен еңбеккерлер қатысып, астықтың мол болуына, диқандар ме­ре­йінің асуына тілектестік білдірді.

Жалпы, биыл шаруашылық 5000 гектар жерге Сыр дақылын орналастырды. Оның 4375 гек­тарына «Янтарь», 386 гектар жеріне «Лидер», ал 239 гектарына «Партнер» сорты егілді. Осы егілген егінді биылғы су тапшылығына қа­рамастан диқандар күтіп-баптап, бар жағдайын жасады. «Арық айтып, семіз шығуды» қалайтын серіктестік еңбеккерлері енді күн ашықта «John Deere», «Case», «Claas», «MacDon» секілді заманауи техникалармен астықты жинап алу қамына кіріскен. Бұған ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ел несібесінің мол болуына ақ тілектерін арнады. Ал егінге орақ түскен №7 өндірістік егіс бригадасының шаруалары пакостардың қалың түскеніне, астықтың мол боларына марқаюда.

Айта кету керек, ірі шаруашылықта науқан кезінде жұмысшылар екі ауысыммен еңбек етуде. Тұқым шаруашылығы саналатын серіктестікте шетелдік автоматтандырылған күріш тазалай­тын құрылғылар бар. Сол арқылы аймақ ша­руашылықтарын жыл сайынғы тұқыммен қам­тып келеді. Ал қырман басында жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана бар. Асхана тәулік бойы жұмыс істейді.

***
Егінге орақ салу рәсімі «Қызылдихан» және «БАҚ» шаруа қожалықтарында да салтанатты түрде өтті. Бұл игі іс-шараға да аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат депутаты, «Жан-Арай» ЖШС-нің директоры Б.Махашов, «Қызылдихан» ШҚ-ның төрағасы А.Құлбаев, «БАҚ» ШҚ-ның төрағасы С.Әбжалиев және ауыл ақсақалдары қатысып, науқан кезіндегі диқандар қуанышына ортақтасты.

Қос шаруашылықта 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Шаруашылықтардың техникалық базасы нығайған. «Қызылдихан» ШҚ-да жаңадан қырман салынып, жұмысшыларға жағдай жа­салған. «БАҚ»-тың да бағы жанып, соңғы жылдарда Қалжан ахун ауылының диқандары мерей тұғырынан көрінуде. Шаруашылықтардың инвесторы Б.Махашов шаруалар жұмысының жан­дануына барынша қолдау танытуда. Соның нә­тижесінде, еңбеккерлердің де әлеуеті жыл санап артып келеді.

***
Шағандық еңбеккерлер де егінге орақ салып, құт қамбаны қызылға толтыру қамына кіріскен. Биыл Жеңісбек Сыздықов басқаратын «Шаған Жер» ЖШС Сыр салысын 2900 гектар алқапқа егіп, одан мол алуға ниетті. Сонымен бірге 350 адам жұмыспен қамтылған серіктестікте бидай 357 гектар, ескі жоңышқа 1055 гектар, жаңа жоңышқа 233 гектар, мақсары 105 гектар жерге егілген.

Бүгінде шаруашылық әртараптандыру бағы­тын­да қарқынды жұмыс жүргізіп, тың бастамаларды қолға алуда. Осы жұмыстармен аудан әкімі М.Ергешбаев танысып, жаңа бағыттағы жұмыстарға оң бағасын берді.

Шаруашылық елді мекендегі еңбек ардагер­леріне арналған мәдени-демалыс орталығын ұйым­дастырған. Сауықтыру кешенінде үстел тен­нисі, шахмат және бильярд ойындарына ар­налған арнайы кабинеттер мен еңбек мұра­жайы ашылған. Ескі әуез мектебін қайта жөн­деуден өткізген серік­тестік бұл нысанға 5 млн теңге қаржы құйған.

Серіктестік жұмысына сапарында аудан басшысы ұн диірменін көрді. Тәулігіне 3 тонна ұн және ұн жемін өндіретін диірмен жұмысын алдағы уақытта кеңейту жоспарланған. Шаруашылық директоры бұл жерде сапалы ұн сортын шығаруды көздейтінін айтады. Тиісінше, шаруашылықта тәулігіне 800 дана нан дайындайтын наубайхана жұмыс істейді. Мұнда 500 дана бөлке нан және 300 дана тоқаштардың 3 түрі дайындалады. Төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтыған нысан елді мекенді екі мезгіл ыстық нанмен қамтып отыр.

Бұдан басқа, шаруашылық еңбеккерлері «Қожабек бағын» қайта жандандырып, бақ­ша дақылдарын өсіруде. Сондай-ақ жылыжай жұмысын дамытуда.
***
Ауданда егінге орақ салу рәсімі «Құн­дызды-Май» ЖШС-де жалғасын тапты. Сәкен Сейфуллин ауылындағы іргелі се­ріктестіктің науқандық жұмысқа кірісу салтанатына облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат депутаты Ж.Ем­бергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов, ауыл ақсақалдары мен еңбек ардагерлері қатысып, қырманның тасуына тілектес екендіктерін жеткізді.

– «Егінші жылда арманда...» дегендей, биылғы жылы да жақсы нәтижеге қол жеткізуге үміттіміз. Ол үшін егін егу нау­қаны басталғаннан қажетті жұмыстар жасалып, диқандар бел жазбай еңбек етті. Жерді баптай білсең, егін де мол болмақ. Судың тапшылығына қарамастан бұл жылғы күріштің де шығымы жақсы. Енді шашпай-төкпей жинап алсақ, еңбегіміз қайтатыны анық, – дейді шаруашылық директоры Бөле­ген Рахмет.

Айта кету керек, серіктестік биыл 660 гектар жерге Сырдың басты дақылын екті. Шаруашылықта 3 бригада еңбек етіп, егілген күріштің бап-күтімін жасады. Енді егін жинау науқанында 5 бастыру, 2 жаткалы комбайн, 5 тасымал техникасымен шаруашылық еңбеккерлері тыным таппауда. Диқан Оразбай Ибадуллаевтың күріштігінен басталған егінді ысырапсыз жинауда еңбекшіл қауым аянып қалмақ емес.

Күзден береке күткен еңбекшіл қауым осындай қызу еңбекке кірісіп кетті. Таң атса дала кемелеріне отыратын жандар науқанды тез бітіріп, қауырт еңбегінің нәтижесін кө­руге асығуда. Диқандар да төккен тердің зая кетпейтінініне сенімді. Сондықтан сыр­дариялық еңбекшіл қауым сенім үдесінен шы­ғып, үздіктер қатарынан көрінуіне тынымсыз еңбек етуде.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
07 қыркүйек 2021 ж. 260 0