Ұстаздар марапат төрінде
Аудан әкімдігінде аудандық білім қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Аудан ұстаздары алдымен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен облыстық тамыз кеңесін онлайн форматта тамашалады.
Ұстаздар басқосуына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық ұстаздар кеңесінің төрайымы Күлбарам Әбілова және білім саласының қызметкерлері қатысты.
– Сіздерді алдымен жаңа 2022-2023 оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын, – деген аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру идеясын іске асыру міндеттеріндегі білім беру жүйесінің маңызын атап өтті.
– Биылғы конференция Мемлекет басшысының арнайы шешімімен «Балалар жылы» аясында өтуімен ерекшеленеді. Баланың дамуы және оның мүдделері – басты құндылығымыз. Сондықтан да мемлекет жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне ерекше назар аударып отыр. Бұл міндеттерді атқаруда әрбір адамның азамат болып қалыптасуына маңызды рөл атқаратын ұстаздардың еңбегі ерекше екенін атап өткім келеді. Жаңа Қазақстанды құру – ең алдымен білімге құштар, еңбекке адал, қоғамға жауапты азаматтарды қалыптастыру, осы арқылы қоғамдық құндылықтарды жаңарту. Жаңа Қазақстанның азаматтарын қалыптастыру балабақша, мектеп қабырғасынан басталуы тиіс.Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен білім-біліктеріңіз, тәжірибелеріңіздің арқасында өткен оқу жылы ауданның білім саласы үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Жүзге жуық оқушы облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі бағыттағы байқауларда жеңімпаз атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен аудан бірінші орын иеленіп, талапкерлердің 91 пайызы мемлекеттік грант иегері болып, өздері қалаған мамандық бойынша еліміздің оқу орындарында жоғары білім ала бастайды. Мұның бәрі – білімді шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Алдағы жаңа оқу жылы да баршаңызға табысты болып, білім шыңын бағындыра беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Одан кейін ауданның білім саласының өркендеуіне үлес қосып, шәкірт тәрбиелеу жолында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген аудан мұғалімдері марапатталды. Ұлағатты ұстаздар Зәуре Аманшеитова, Анар Арыстанбаева, Марина Оспан, Гүлсара Дүйсенова, Райкүл Айкөпешова ҚР Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатымен», Асылзат Тұрсынбаева облыс әкімінің «Алғыс хатымен», Бақытжан Абылбеков, Марина Жансейтова, Рзахия Мұхан, Гүлнұр Тлеубергенова, Арай Қойшығұлова, Мирамкүл Абекова облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», Нұрхан Күдербаева, Махаббат Айтбаева, Айзат Оразбай, Гүлжан Досбаева, Олжас Құлабаев аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Марапаттарды аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы табыстап, Тәуелсіз елдің жарқын болашағын бәсекеге қабілетті, білімді етіп дайындау жолында аянбай тер төгіп жүрген ұстаздарға жаңа оқу жылының табысты болуын тіледі.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ