Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу құралдары берілді

Оқу құралдары берілді

Жаңа оқу жылы басталар тұста республика бойынша «Мек­теп­ке жол» акциясы ұйымдастырылады. Бұл игі іс-шараның басты мақсаты әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан оқушыларды оқу-құралдарымен қамтамасыз ету екені белгілі.

Білікті дәрігер, іскер ұйымдастырушы Жалғасбек Үсенов басқаратын Сырдария аудандық ауруханасында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйым­дастырылды. Ақ халатты абзал жандардан құралған үлкен ұжым бұл жолы 23 ер бала мен 21 қыз балаға, яғни барлығы 44 оқушыға мектеп сөмкесі мен оқуға қажетті құ­­­рал-жабдықтар сыйлап, балаларды қуант­­ты.

– Біздің ұжымда қалыптасқан жақсы үрдістер көп. Соның бірі жаңа оқу жы­лы қарсаңында міндетті түрде «Мектеп­ке жол» акциясын ұйымдастыру. Қайы­рымдылық іс-шарасына қатысып, қолдау білдірген әріптестеріме алғысымды айтамын. Биыл «Балалар жылы» екені белгілі. Осы ретте 44 баланы қуантып, оларға қажетті оқу құралдарын үлестірдік. Алдағы уақытта да осындай игі іс-шараларды ұйымдастыруға басымдық береміз. Себебі әр бала заман талабына сай білім алуы тиіс. Сондай-ақ біз балалар арасында кездесетін ауруларды да болдырмау мен алдын алу бағытында нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деді ауданның бас дәрігері Жалғасбек Тұрлыбекұлы.

Қайырымдылық іс-шарасында кәсіп­одақ ұйымының төрағасы Қайрат Ерманов, бас мейіргердің міндетін уақытша атқарушы Нұргүл Мұхамеджан Сырдария аудандық ауруханасы қызметкерлерінің атынан ата-аналар мен балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім алушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ата-аналар ұжым қызметкерлеріне алғысын айтып, ақ халатты абзал жандардың жауапкершілігі зор жұмысына абырой тілеп, ақ баталарын берді.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ 


23 тамыз 2022 ж. 456 0