"Мектепке жол" акциясының шарапаты
Гүлжайна Әлиева – Асқар Тоқмағамбетов ауылы әкімі аппаратының жетекші маманы. Мемлекеттік қызметші негізгі жұмысынан бөлек қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, ауыл тұрғындарына жанашыр болып келеді. Бұл туралы бізге ауыл тұрғыны, үш баланың анасы Мархабат Сманова хабарласып, редакция арқылы алғысын жеткізгісі келетінін айтты.
Көпбалалы ананың айтуынша, жақында ауылда «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылған. Сол іс-шарада Г.Әлиева кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтардың қолдауын игі іске бағыттап, ауылдағы бірнеше оқушыға қажетті оқу құралдары мен мектеп киімдерінің берілуін үйлестірген. Мемлекеттік қызметшінің бастамасымен өткізілген игі іске жеке сот орындаушы Жандос Тұңғышбаев және өзінің туған-туыстары ерекше қолдау көрсетіпті. Ауыл тұрғыны М.Сманова қиналған уақытта көмек көрсеткен қайырымды жандарға ерекше алғыс айтады.
– Оқу жылына дайындық – әр отбасыны алаңдататын мәселе. Биыл біздің отбасымыз үшін сынаққа толы жыл болды. Кішкентайымның көзіне ота жасаттым. Сөйтіп мектепке қажетті керек-жарақты алуға шамамыз келмей, қиналып жүрген едім. Ауыл әкімдігінде жұмыс істейтін Гүлжайна хабарласып, көмек берілетінін айтып, қуаныш сыйлады. «Мектепке жол» акциясы аясында «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС қаржылай көмек көрсетті. Барлық азаматтарға алғыс айтамын, – дейді Мархабат Сманова.
А.СЕЙІЛОВ