Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Америкаға күріш экспортталды

Америкаға күріш экспортталды

Кеше республикаға белгілі Нағи Ілиясов ауылында егінге орақ түсті. Рәсімге аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат депутаты Жанарбек Нұрымбетов, аудандық мәслихат депутаты, Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы, «Мағжан және К» ЖШС - нің директоры Дархан Ералиев, «Абзал және К» ТС - нің директоры Мағжан Ералиев, ауыл ардагерлері, шаруашылық қызметкерлері қатысты.

Егінге орақ салу рәсімінде аудан әкімі егіншілерді науқанның басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

– Сыр күріші – ел ырысы. Жыл сайын аграрлы ауданымыз ауылшаруашылық саласы бойынша жоғары белестен көрініп келеді. Оның ішінде Нағи Ілиясов ауылындағы дала еңбеккерлерінің ел қамбасын алтын дәнге толтыру ісіне қосатын үлесі қомақты. Биылғы жылы да адал еңбекті ту еткен дала еңбеккерлері күріштен мол өнім жинайды деп сенеміз. Сіздерді егінге орақ түсу рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Өнім мол болсын, қырман тасысын!, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Өз кезегінде шаруашылық басшысы Дархан Ералиев атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат беріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарларымен таныстырды. Айта кету керек, «Мағжан және К» серіктестігі биыл 2540 гектар жерге Сыр салысын еккен. Серіктестік биыл егін егу науқанына шаруашылықтың техникасы сақадай және серіктестік Америка Құрама Штаттарына 25 тонна күріш экспорттаған.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Төребек Жұмабекұлы жиналғандарға ақ батасын беріп, қамбаның қызылға толуына тілектестігін білдірді. Осылайша, үздік ауылдың диқандары егін орағына ерекше көңіл-күймен, күш-жігермен кірісті.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
28 тамыз 2022 ж. 727 0