Үздік ауылдың диқандары егін орағына кірісті
Күріштің әлемде 12 мыңнан астам сорты бар екен. Басы 60 күнде, аяғы алты айда пісетін сол 12 мыңнан астам сорттың барлығы Үндістан астанасы Делидегі күрішті ғылыми зерттеу орталығында сақтаулы тұр екен. Таңғаларлығы сол, мыңдаған сорттың ішінде Ыбырай Жақаев бабамыз егіп, әлемдік рекордты жаңартқан «Қазақ салысы» сорты ең биік орынға қойылыпты. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов республикадағы ең үздік ауыл атанған Нағи Ілиясов ауылындағы егінге орақ салу рәсімінде айтты. Аудан басшысы дала академигінің сырбойылық ізбасарларының Сыр маржанын егудегі қалыптасқан ісі адал еңбектің нағыз үлгісі екенін атап өтті.
Нағи Ілиясов ауылындағы егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемовпен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, «Мағжан және К» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев, «Абзал және К» ТС директоры Мағжан Ералиев, ауыл ардагерлері, шаруашылық қызметкерлері қатысты. Егінге орақ салуға арналған қуанышты жиында аудан басшысы ала жаздай тер төккен диқандарға сәттілік тіледі.
– Сыр күріші – ел ырысы. Жыл сайын аграрлы ауданымыз ауылшаруашылық саласы бойынша жоғары белестен көрініп келеді. Оның ішінде Нағи Ілиясов ауылындағы дала еңбеккерлерінің ел қамбасын алтын дәнге толтыру ісіне қосатын үлесі қомақты. Биылғы жылы да адал еңбекті ту еткен дала еңбеккерлері күріштен мол өнім жинайды деп сенеміз. Сіздерді егінге орақ түсу рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Өнім мол болсын, қырман тасысын!, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде шаруашылық басшысы Дархан Ералиев атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат беріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарларымен таныстырды. Айта кету керек, «Мағжан және К» және «Сыр дәні» серіктестігі биыл 5100 гектар жерге Сыр салысын еккен. Серіктестік биыл «Магдон», «Енесей» секілді бірнеше жаңа техникаларды несиесіз сатып алған. 40 гектар жерге отандық «Сыр сұлуы» сортын егіп, сынап көрген шаруашылық диқандары алдағы уақытта аталған сортқа басымдық бермек. Өйткені, «Сыр сұлуы» сорты суды аз қажет етеді және ыстыққа төзімді.
Егінге орақ салу рәсімінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев ауылға арнайы уақыт бөліп келген, егіншілердің қуанышына ортақтасқан аудан әкіміне серіктестік ұжымының атынан алғысын білдірді. Дала еңбеккерлерінің ауылдың, ауданның және облыстың абыройы үшін Жер-Анадан нәсіп теріп, еселі еңбек ете беретінін жеткізді.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Төребек Жұмабекұлы жиналғандарға ақ батасын беріп, қамбаның қызылға толуына тілектестігін білдірді. Осылайша, үздік ауылдың диқандары егін орағына ерекше көңіл-күймен, күш-жігермен кірісті. Лайым, алқапта жайқалған Сыр маржанын күрішшілер уақытылы жинап, маңызды науқанды жақсы нәтижемен қорытындыласын.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ