Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

АЛЫП КҮШ ИЕСІ

Дерек
терге сүйенсек, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жахаевтың аталары осыдан 200 жылдай бұрын Арқадағы Есіл өзенінің бойынан Сырға қоныс аударған екен. Ол кезде Сырдың бойы тұнып тұрған қалың тоғай, құмның арасына ел қоныстанбаған, сексеуілдерінің биіктігі соншалық, көлеңкесіне киіз үй тігіп отыра береді екен.
  Сексеуілдің көлеңкесінде аталарымыз әңгіме-дүкен құрып отырғанда Жақай әкеміз баласы Ыбырай қастарынан жүгіріп ойнап өткенде қасындағы қарияларға: - Әй, сендер байқайсыңдар ма? Біздің Ыбырай жерді басқанда жер дүңкілдеп дыбыс шығарады, - дейді екен.
  Әке балаға сыншы деп аталарымыз айтқандай, әке жүрегі баласының бойында ерекше қасиет бар екенін, баласы бақытын жерден табатынын, баласының бойында алып күш бар екенін сол кезде-ақ сезген ғой.
  1980 жылы қараша айында жазушы, қазақтың шешендік сөздерінің, шежіресінің зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты Балтабай Адамбаев ағамыз Шиеліге келіп, Ыбекеңе сәлем берді. Қойшыбай Оразымбетов ағамыздың үйінде болғанда Қойшыбай ағамыз Ыбырай атамыздың бойында алып күш бар екенін, тегін адам еместігін айтып, өз көзімен көрген үш оқиғаны айтып беріп еді. Соны оқырмандарға жеткізуді парыз санадым.
  -Мен «Қызылту» колхозында 1937 жылдан 1968 жылға дейін 34 жыл №1 бригаданың бригадирі болдым, - деп бастады әңгімесін Қойшыбай қария. Ыбырай Жақаев менің бригадамда звено жетекшісі болды. Сол бір бригадада, бірге жұмыс істеп жүргенде мен Ыбекеңнің ерекше үш кереметін байқадым. 1940 жылы жабайы жиделердің түбірлерін кетпенмен қопарып 25 гектар жерге күріш екті. Бір күні шақыртқанға барсам, 50 сотық жарты гектар танабына күріш шықпай қалыпты.
  -Құмдауыттау жер еді, әу баста күріш жақсы шығып еді. Бірақ күшті желдің әсерімен су толқып, «Толқын соқ» болып, күрішті тамырымен суырып кетіпті. Маған «қайта егуге бір дорба күріш тауып бер», - деді Ыбекең. Колхоздың тұқым сақтайтын күріш қамбасында күріш қалмаған екен. Сұрастырып едім, жеке адамдардан да тұқымдық күріш табылмады. Соны айтқанымда Ыбекең аз уақыт ойланып:
  - Онда әйелімді екі күнге көмектесуге босатып бер! – деді. Әйелі Бибажарды басқа жұмыстан босатып, екі күннен кейін жұмыс басына барсам, манағы жарым гектар күріштікке көшеттеп, шаршылап қайта егіп тастапты.
-Мұны қалай істедіңіз? – дедім.
  -Күріштің қалың шыққан жерінен алып көшет жасадым, - деді Ыбекең.
Бұл Шиеліде бірінші жасалған жаңалық, тәжірибе еді. Содан бастап ол екінің бірі қолданатын тәсілге айналды. Ыбекең сол жылы танабының әр гектарынан 38 центнерден өнім алды. Ол кезде басқа жұрттың өнімі 20-25 центнерден аспайтын.
Ашыралы деген жерден 1943 жылы күріш егуге жарайтын он гектардай тың жер көрдім. Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан кезі. Майдан үшін астықтың әрбір килосы алтыннан да қымбат. Қайтсек, астық өнімін молайта түсеміз, қайтсек күріш танабын кеңейтеміз деп жүргенбіз. Көрген жерді Ыбекеңе айтып: бірақ түйе бойы қалың ну жиде екен, - дегенімде, Ыбекең:
  -Адам бер, мен оны мартқа дейін отап тастайын, - деді.
  Ыбекең бір айтпайды, айтса орындамай тынбайды. Соғыс кезі бригадада қарулы еркек жоқ. Үш шал, он екі әйел бөлдім. Ыбекең ұстаға үш бәйгеше /жиденің түбірін соғатын, асыл темірден жасалған сүймен/ соқтырып алды.
Ыбекеңді әйелімен 16 кісіні тың жерге жұмысқа жіберіп, кешке істеген жұмыстарын /жидек ағашын отаған жерлерін/ өлшейін деп кетіп бара жатыр едім, жолай ауданның бас агрономы Әнес Алтынбеков қосылды.
Ашыралыдағы тың жердің ортасындағы бір жалғыз аяқ жолдың оң жағына 15 кісі, сол жағына Ыбекең жалғыз өзі түсіпті. Жолдың екінші жағындағы ағашы оталған жерді аршынмен өлшегенімде 15 кісінің отаған жерінен Ыбекеңнің отаған жері 226 метр артық болып шықты.
  Ыбекеңе мен 12 еңбеккүн жазбақшы болғанымда, Алтынбеков есептеп 32 еңбек күн жаздырды. Міне, Ыбекеңнің күші мен жұмысқа ықыласы сондай еді. Түйе бойы жиде ағашының түбін 30 сантиметрдей қазып, самауырындай түбімен ағашты бәйгешемен қағып тастай береді екен.
  Бұл декабрь айы болатын. Аталған аймақтың жиде тоғайына Ыбекең март айына дейін отап, жерін тегістеп, кейін сол жерден мол өнім алып тұрды.
Көкүйірімде көктемде, февраль-март айларында Ыбекең мен Ұлдар Дәуішеваның звеносы 50 гектар жердің жыңғыл мен щеңгелді қорысын отап, күріш екпекші болды. Бірақ мартта жерге су жібермек болғанда, Ыбекеңнің танабына су шықты да, Ұлдардың танабына су шықпады.
  -Еңбек зая кететін болды, - деп колхоз басқармасының председатель Мәулен Рахметов абыржып тұр. Сол кезде колхоздың су мұрабы Оспан Абылаев сәл жоғарыдан – бес жүз – сегіз жүз метр жерден жаңа арық қазылса, барлық күріштікке су келеді, - деді.
Сонымен 5 бригаданың адамдары бес жүз метр /танабы – 2, беті – 4, тереңдігі – 1 метр/ канал қазуға кірістік.
  Менің бригадама бөлінген каналдың бір бетіне 31 кісі, екінші бетіне Ыбекең тағы да жалғыз өзі түсті.
  Әр адамға қазатын жер сырықтап 2,5 метрден берілді. Каналдың бізге тиісті бөлігінің бір жағын 31 адам бітіргенде, олардан қалыспай Ыбекең де бітіріп шықты. Ыбекеңнің кетпені арнайы соқтырып алынған ерекше – үлкен болады. Экскаватордың «шөміші» сияқты. Әр сілтегенде 40-50 килограмм топырақ лақтырады. Таңертең бастаған каналды кешкі бесінде бітіріп, бес бригада тамаққа бір-ақ шықты.  Осы жолы да Ыбекең бастаған біздің бригада социалистік жарыста бірінші орынға шығып, бәйгеге қызыл ту және бір қой сыйлық алдық. Ыбекең жұмысқа сондай қырбат еді, - деп аяқтады сөзін Қойшекең.


Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
Шиелі ауданы

07 сәуір 2018 ж. 1 110 0