Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі 100 жастағы соғыс ардагерінің шаңырағына барды

Облыс әкімі 100 жастағы соғыс ардагерінің шаңырағына барды

Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерекесінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы барлық соғыс ардагеріне барып, Президент атынан құттықтап, құрмет көрсетті. Солардың бірі – Сырдария ауданында тұратын 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров.

Аймақ басшысы ғасыр жасаған ардагерге денсаулық тілеп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Сондай-ақ, бұл құрмет бір күнмен шектеліп қалмайтынын, олардың ерлігі әрдайым дәріптелетінін жеткізді.

– Сіз соғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Польшаны жаудан қорғап, Германияға дейін жеттіңіз. Отан қорғауда үлгі аларлық батылдық таныттыңыз. Отты жылдары кеудеңізді оққа тосқан қайсар мінезіңіз бен ерен еңбегіңізге бас иеміз! Біз мұны мәңгі есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз, деді облыс әкімі.

Ғасыр куәгері Яхия Тасыров мерекемен құттықтап келген қонақтарға алғыс білдіріп, елге тыныштық тілеп, ақ батасын берді.

Қиындықтың бәрі артта қалды. Енді соғыс болмасын. Сырттың сұқ көздерінен сақтап, елде тек ауызбіршілік орнасын. Ел қамын ойлар азаматтар аман болып, әр шаңырақта береке ұя салсын, – деді Яхия Тасыров.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
09 мамыр 2022 ж. 621 0