Ынтымағы жарасқан ұлы ел
Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Тәуелсіз еліміздің тарихында 1996 жылдан бері мерекеленіп келетін атаулы күннің халқымыз үшін орны ерекше. Осы уақытқа дейін еңбекшілер күні ретінде тойланып келген мереке халықты бірлік пен ынтымаққа шақыратын мерейлі күн ретінде белгіленді.
Қазақстан атты ұлан-байтақ елімізде 130-дан астам ұлт тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осынша ұлт пен ұлысқа ортақ Отан болған мемлекетіміздің бірлігі жарасып, барша халық бір шаңырақ астына бірікті.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қазақ халқы бұл мейрамды асыға күтеді. Көктемнің соңғы айының алғашқы күнін жадыраған көңілмен қарсы алу, ел ішінде кең көлемде тойлау арқылы достық пен татулықты, бейбіт өмірді ұлт құндылығы ретінде насихаттайды. Көптеген этнос өкілдерінің басын «Достық» атты шаңырақтың астына біріктіріп, мейірімділіктің жарқын көрінісін үлгі етеді.
Қазақстан халқының бірлігі күні мен барлық ұлт пен ұлыстың мақсатын бір арнаға тоғысқан Қазақстан халықтары Ассамблеясын бөліп қарау мүмкін емес. Ассамблея 1995 жылы наурыз айында құрылған жылдан бастап ұлтаралық татулықты, тұрақтылық пен ынтымақты күллі әлемге жариялап келеді. Маңызы зор саяси құрылым жергілікті жерлерде де құрылып, риясыз достықтың жарқын үлгісін көрсетуде.
2015 жылы наурыз айында Ассамблея жылы аясында ауданда «Достық үйі» ашылғанын ел-жұрт хабардар. Қазір мұнда аудан бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Абай Мейрамбеков ауданда тұратын этнос өкілдерімен белсенді жұмыс жүргізуде.
– Ассамблея жылына байланысты ауданда түрлі этнос өкілдерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қолдау мақсатында «Достығымыз жарасқан» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестіктің жұмысын жандандыру мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімімен «Түрлі этнос өкілдері арасында іс-шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасымен бірнеше жыл қатарынан бюджеттен қаржы қаралуда. Бұл қаржы қайырымдылық акцияларын, этнос өкілдерімен кездесулер, байқаулар, ұлттық тағамдарды дайындаудың шеберлік сыныптары, концерттер ұйымдастырыға жұмсалуда. Сонымен қатар «Достық» вокалды ансамблі құрылды. Ансамбльдің ең жасы үлкен мүшесі Ляна Ан 71 жаста, ең кішісі Юля Кочерещенко 16 жаста. Өнерпаздар қазақтың халық әндерін орындағанда алдына жан салмайды. Олардың орындауындағы халық әні «Гүлдерайым» және Ө.Бәйділдаевтың «Туған ел» атты әндері облыста жүлделі орын алды. Ал аудандағы «Достық үйі» барша этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жинайтын қасиетті де киелі орынға айналды.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қос мүшесі Люба Махмурзаева мен Виталий Ким – біздің мақтанышымыз. Олар еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында ұлттық келісімді, этносаралық қарым-қатынастың жоғары деңгейде болуына атсалысып келеді. Қос бірдей талант иелері Константин Луца мен Никита Мясцов халықаралық, республикалық ән байқауларына қатысып, аудан абыройын асқақтатып келеді, – дейді А.Мейрамбеков.
Өзара келісім мен түсіністік, түрлі ұлт өкілдерінің рухани құндылығы мен мәдени қазынасына құрметпен қарау дәстүрі ауданда осылайша үйлесім тапты. Барлық этностардың мақсатын ортақ қазақстандық мүддеге айналдыру жолында, ұлттық ерекшеліктерге қарамастан іргесі берік қалыптасты. Сондықтан мейлі ол орыс, молдаван, шешен, корей, өзбек, татар т.б. болмасын барлығы ел бірлігін бәрінен биік қояды.
– Туған жерім Қазақстанда өмір сүру бақытына ие болдым. Осында отбасылы болып, ұрпағымызбен өмір жалғасып келеді. Ортақ Отанымыз – Қазақстанның киелі топырағынан асқан құдірет жоқ. Қазақ халқының кеңпейіл дархан көңіліне ризамыз. Сырдария атты қасиетті елде дос-жарандармен араластық. Қазір бір-бірімізбен құда болып, төс қағыстырдық. Байырғы әріптестерім де қашан көрсе де құрақ ұшып тұрады. Бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз, шүкір. Мұның барлығы бірлігі бекем Қазақстан атты ұлы елдің, оның басында отырған ел Президенті мен Елбасының ерен еңбегі деп білеміз. Өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, қайта бір отбасының баласындай тату-тәтті өмір кешіп жатқанымыз елдегі бейбітшіліктің арқасы. Лайым ұрпағымыздың болашағы жарқын, аспаны ашық болсын! «Қазақстан халқының бірлігі күні» құтты болсын, ұлы достық жарасым тауып, әрбір отбасында бақыт, бірлік, сәбидің күлкісі кетпесін! – дейді Тереңөзек кентінің байырғы тұрғыны Мила Кан.
Келер ұрпақтың болашағына алтын көпір болып қаланған халықтар бірлігінің достығы жастардың бекем бірлігі мен ынтымағына айналды.
«Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – айқын. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!» дейді этнос өкілдері. Елбасы Н.Назарбаев «Саусақ ашса – қылдырық, жұмса – жұдырық» деп айтқандай, ұлы мақсатқа бірге сапар шегуге бел байлаған ұлы достығымыз мызғымасын! Барша халықтардың ынтымағы жарасым мен үйлесім таба берсін! Біздің ұранымыз – бірлік, достық, ынтымақ! Жаса, Қазақстан!
Бибісара ЖАНӘЛІ