Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МАҚСАТ – БІРТҰТАС ҰЛТ БОЛУ

МАҚСАТ – БІРТҰТАС ҰЛТ БОЛУ

Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Жолдаудың аты айтып тұрғандай төртінші өнеркәсіптік революция еңбек ететін, білімге құмар адамдарға үлкен мүмкіндік береді. Ал, еңбек етуге икемі жоқ, кәсіби біліктілігін арттыруға талпынбайтындарға қиындық болады. Өйткені, күн сайын жаңа өнеркәсіптік технология өзгеру үстінде. Мұны меңгеру жұмыссыздардың, кәсіби даярлығы жоқтардың қолынан келмейді. Керісінше, жаңа технологияны үйренген, жаңалықтарға ілесе білетін жауапты азаматтардың дәуірі келгені айқын айтылған бұл Жолдауда. Өнеркәсіпті цифрландыру арқылы кәсіпорындарда жұмыс қолы азая береді. Бірақ бұл өндірістің саны мен сапасы кемиді деген сөз емес. Дүниежүзі экономикасы осындай тәжірибені үлгі етеді. Тауар өндірісінің көлемін арттырып, сапасын да кем етпей, неғұрлым жұмыс орнын азайту арқылы ең таңдаулы деген маманды жұмысқа қалдырады. Осы ретте, біздің мемлекетте қайта мамандануға бар жағдай жасалғаннын айту керек. Қосымша кәсіпті үйренемін деушілерге елімізде кәсіптік білім алу тегін жүргізіледі. Десек те адамда алдымен қызығушылық пен ынта-жігер болмайынша қазіргі заманның өзгерісіне ілесу қиын. Жұмыссыздардың заманы өтіп, "екі қолға бір күрек" табудың қамы жаңа заман кәсібіне қайта оқу. Елбасының өзі айтқандай, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеке кәсібін ашқандарға мемлекет қолдау көрсететін болады. Яғни, шағын кәсіпкерлікті бастаушыларды қолдау, оларға жеңілдетілген несие беру, кәсібін әрі қарай алып кеткенше көмек көрсету арқылы қоғамда шағын бизнес нысандарын көбейту билік өкілдеріне берілген тапсырмалардың негізгісі. Жалпы, әрбір адам өз бизнесін ашса, күндіз-түні еңбек етуге машықтанады. Еңбек ету арқылы отбасының қаржылық жағдайын жақсартып, қоғамға да өз пайдасын тигізеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты азайтуға атсалысады.
Биылғы Жолдауды Ұлт жоспары «100 нақты қадам», "Үдемелі индустриялық даму", «Рухани жаңғыру» сияқты кең көлемді бағдарламаларда нақтыланған бағыттардың жалғасы деп білуіміз керек. Заманның өзгерумен адам да өзгереді. Адами капиталды қалыптастыру-негізгі мақсатымыз. Осы негізгі фактор арқылы жаңаша білім алып, жаңа кәсіпті игеру қоғамға, санаға өзгеріс жасайды. Осының негізінде дамыған елдердің қатарына қосыламыз. Жолдауда айтылған үш тілді меңгеру-өркениетке бастайтын жол. Мемлекеттік мәртебесі биік болып қала беретін қазақ тілімен қоса орыс, ағылшын тілдерін үйрену келешекке жарқын бағыт береді. Сондықтан да мектеп бағдарламасындағы жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқыту келер жылдың міндетіне қойылды. Ол үшін мұғалімдеріміздің біліктіліктерін арттыру қарқынды түрде жалғасатын болады.
Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы назардан тыс қалдырған емес. Зейнетақы мен жәрдемақыларды көбейту жыл сайын жүзеге асып келеді. Ал, мемлекеттік қызметкерлер мен дәрігерлердің, мұғалімдердің т.б. қызметкерлердің жалақылары біліктілік дәрежесіне сәйкес өсетін болады.
Осылайша, қоғамда ұлттық сананы жаңғырту кезеңі басталды. Сондықтан жаңа заманға лайықты болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болу мақсаты іске аса бастағаны жұртшылыққа тың серпін береді.

Ержан ӘЖІКЕНОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы
11 қаңтар 2018 ж. 2 046 0