Талант иесі – Жансая
Ақжарма ауылының 9 сынып оқушысы Жансая Толыбек – талабы таудай, зерек оқушы. Ол кішкентайынан көркемсөз оқуды үйреніп, жыр-дастандарды жатқа айтуға машықтанып келеді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде талабын байқайған ұстаздары талантты оқушыны алғашында мектепішілік, кейіннен аудандық деңгейдегі түрлі байқауларға қатыстырды. Жас дарынның осы күні талай бәйгеден оза шауып алған жүлделері жетерлік.
Жақында Жансая Толыбек айды аспанға бір-ақ шығарды. Ол «Батырды ұлықтау – тарихымызды ұмытпау» атты облыстық байқауда топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Алдымен аудандық кітапхана ұйымдастырған аудандық кезеңнен 10 талапкердің арасынан бас жүлде алған дарын иесі облыстық байқауға жолдама алды. Облыстық байқау Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өтті.
– Жақында өскелең ұрпақты ұмыт бола бастаған ауыз әдебиеті жауһарларының қомақты құрамдас бөлігі саналатын батырлар жырымен сусындату мақсатында байқау өтті. Іріктеу кезеңнен өткен жеңімпаздар әр өңір бойынша таңдалып алынған жырды жатқа оқуы тиіс. Жансая алдын ала берілген тапсырмаға сәйкес айтыскер ақын Заметдин Ибадуллаевтың «Түлкібай батыр» жырын жатқа оқып, сынға түсті. Қабілетті әрі талантты Жансая аталған жырды 10 шақты күннің ішінде жаттап алды. Сонымен қатар ол «Едіге батыр» жырын да жатқа біледі. Жансаяға алдына қойған мақсатына жетуіне тілектестігімізді білдіреміз, – дейді жетекшісі, Ақжарма ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Ақмарал Айқынбаева.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып суырылып алға шыққан Жансая өз кезегін алғанда:
«Бастадым «бисмилла» деп сөздің басын,
Аударған әруақ болар ықыласын.
Тарихын Сыр бойының қозғайын деп,
Сыпырдым шабыт қыран томағасын.
Сездіру мүмкін емес бір дәптермен,
Мен туған мекенімнің хикаясын.
Би де өткен, батыр да өткен,
палуан да өткен,
Меншіктеп беру қиын сыбағасын.
Сонда да қызыл тілім тәуекел деп,
Кешейік кеткен ғұмыр дариясын.
Ақжарма – туған жерім алтын бесік,
Әлдилеп аялаған кіндік кесіп.
Мекені ата-бабам қоныстанған,
Ержеттім осы жерде мен де өсіп, – деп басталатын 264 қатардан тұратын 8 беттік жыр жолдарын жүрекке жеткізе оқығанда көрермендер сілтідей тынды. «Түлкібай батыр» жырын шарықтау шегіне жеткізе мәнерлеп жатқа оқыған Жансая көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып суырылып алға шыққан Жансая өз кезегін алғанда:
«Бастадым «бисмилла» деп сөздің басын,
Аударған әруақ болар ықыласын.
Тарихын Сыр бойының қозғайын деп,
Сыпырдым шабыт қыран томағасын.
Сездіру мүмкін емес бір дәптермен,
Мен туған мекенімнің хикаясын.
Би де өткен, батыр да өткен,
палуан да өткен,
Меншіктеп беру қиын сыбағасын.
Сонда да қызыл тілім тәуекел деп,
Кешейік кеткен ғұмыр дариясын.
Ақжарма – туған жерім алтын бесік,
Әлдилеп аялаған кіндік кесіп.
Мекені ата-бабам қоныстанған,
Ержеттім осы жерде мен де өсіп, – деп басталатын 264 қатардан тұратын 8 беттік жыр жолдарын жүрекке жеткізе оқығанда көрермендер сілтідей тынды. «Түлкібай батыр» жырын шарықтау шегіне жеткізе мәнерлеп жатқа оқыған Жансая көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасы батыр бабаларды насихаттау мақсатында «Түлкібай батыр» жырын нақышына келтіріп, мәнерлеп жатқа оқыған сырдариялық оқушы Жансая Толыбекті 12 талапкердің арасынан үздік деп таныды. Облыстық байқаудан бас жүлдемен оралған Жансая аудан даңқын, ауыл мерейін үстем етті.
Туған жердің мақтанышы Жансаяға шығармашылық табыс тілейміз!
Бибісара ЖАНӘЛІ