Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батырларды ұлықтау – тарихымызды ұмытпау

Батырларды ұлықтау – тарихымызды ұмытпау

Аудандық орталық кітапханада «Батырларды ұлықтау – тарихымызды ұмытпау» тақырыбында аудандық байқау өтті. Рухани әрі тәлімі мол іс-шараның мақсаты – жастар мен қалың жұртшылық арасында ұмыт бола бастаған батырлар жырын, қисса-дастандарды өскелең ұрпаққа насихаттау.

Байқауға аудан орталығы мен ауылдардан келген 5-9 сынып оқушылары қатысты. Тоғыз қатысушы Заметдин Ибадуллаевтың нұсқасы бойынша жазылған «Түлкібай батыр» жырын жатқа айтып, белсенділік танытты.

«Қазіргі қоғам – технологиялардыкі. Соған сай балалар да кітап пен жыр-дас­тандарды оқымайды» деп жатамыз. Десек те бұл іс-шарадан жалынды оқушылардың батырлар жырын ерекше ынтамен жаттап, бәйгеге жоғары дайындықпен келгенін аңғардық. Жырды нақышына келтіре орын­­­даған оқушылар қазылар алқасының көңілінен шықты.

Қазақта «құймақұлақ» деген жақсы сөз бар. Бір айтқанды қағып алып, жатқа айтып беретін адамды дәл осылай атаған. Дарынды оқушылардың қатарластарынан оза шауып, жыр жаттап, дүбірлі додаға қатысуының өзі үлкен жетістік болды.

Байқауға аудандық мәдениет үйінің әдіскері Г.Сәрсенбаева, мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Н.Бекшаева, аудандық кітапхана директоры Г.Нұржа­киева әділ төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орын ақжармалық Жансая Толыбекке берілсе, екінші орын №131 мектептің намысын қорғаған Ақниет Сайрановаға бұйырды. Ал үшінші орындарды іңкәрдариялық Шұғыла Әбдіразақ пен шағандық Ахмад Жүнитов өзара бөлісті. Қалған қатысушылар Лимара Жақсылық, Айнұр Нұрланқызы, Рамазан Талғатұлы, Ернар Дүйсенбай, Айдос Алмабекұлы бел­сенділік танытқаны үшін алғыс хатпен мара­патталды.

– Барлығың жақсы дайындықпен кел­гендерің көрініп тұр. Көлемді жырды жаттап, көптің алдында жатқа оқу – оңай шаруа емес. Дегенмен жарыс болған соң, мықтыдан мықтының оза шабатыны анық, – деді байқау соңында қатысушыларды марапаттаған кітапхана басшысы.

Дүбірлі додаға қатысушыларға арнайы сый-сияпат табысталды. Айта кетейік, жүлделі бірінші орын алған қатысушы айтулы байқаудың облыстық кезеңінде Сырдария ауданының намысын қорғайтын болады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
17 наурыз 2022 ж. 382 0