Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Барды бүлдірмей ұстасақ...

Барды бүлдірмей ұстасақ...

Соңғы уақытта кент көшелері абат­­­­­танып, ажарланып келеді. Әсі­ресе «Әйтек» каналының сол жақ бетінде заманауи үлгідегі қос қа­батты тұрғын үйлер салынып, пай­далануға берілгелі бұл жақта қай­наған өмір өз арнасына түсіп жүре берді. Одан бөлек жер те­лімін ал­ған тұрғындар да жеке үйлер тұр­ғызуда. Осының нәтижесінде кентке кіргеннен бастап бұл өлкенің қар­қынды дамып келе жатқанын аң­ға­руға болады.

2021 жылдың аяғына таман Аманкелді Иманов және Нәлхожа Ергешбаев көшелерінің қиылысында спорт алаңы пайдалануға берілді. Екі бірдей алаңның бірінде балаларға арналған әткеншектер, үлкенді-кішілі сырғанақтар, турниктер, футбол алаңы орналасса, екіншісінде жаттығуға, дене шынықтыруға арналған түрлі құрылғылар, адамдар тынығатын орындықтар орналасқан. Бірақ пай­далануға берілгеніне бір жыл да толмаған алаңның қазіргі жайы мәз емес. Жаттығу алаңының төсендісі, (брусчаткалар) қазылып алынып, үйіліп жатыр. Жаттығу құрылғыларының кейбір бөлшектері алынып тасталған. Орындықтар қираған және сол орындықтарды сүйретіп біресе алаңның ана басына, біресе мына басына апарып тастайды. Ал футбол алаңын көрсең жылағың келеді. Айнала қоршалған торлар қисайған, тіпті кейбір жерін алып тастаған, баскетбол торлары да қисайған. Кешкісін серуендеп бара қалсаң сол ауланың балалары ойнап жүреді, басқа жақтан келетіндері де бар. Доп сыртқа «ұшып» кетсе, есіктен емес, қолдан жасалған «тесіктен» шығып жатады. Бір-екі баламен сөйлесіп көргенімде «біз емес, басқа жақтан келетін үлкен балалар торды теуіп-теуіп сындырып кеткен» деп уәж айтты. Бұл – шектен шыққандық, бұзақылық, тәртіпсіздік десек болатын шығар. Мұның ар жағында ата-ана жіберген үлкен кемшілік, немқұрайлылық жатыр, өкінішке орай.

Біздің бала күнімізде бір ғана стадион болатын. Оның өзіне кез келген бала бара бермейтін. Қазір аула клубтары, спорт алаңдары жетерлік. Кез келген баланың спортпен айналысып, шынығуына, бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай бар. Ендеше қолда бар әп-әдемі дүниені бүлдіруге, бұзуға неге құлшынып тұрамыз? Керісінше, тұрғындар тарапынан айналасына ағаш, гүл егіп абаттандырса болмас па?! Бүлінген дүниеге жаны ашыса болмай ма?! Қисайғанды түзетіп, құлағанды тұрғызып қоюға не кедергі?! Үйде, дастархан басында сындыруға, бүлдіруге, болмайтынын, жаман әдеттен аулақ болу керек екенін айтып отырудың несі әбес?! Біз қай кезде дамыған, сәулеті келіскен мәдениетті ел боламыз?!

P.S. Жоғарыда көтерілген мәселе өзекті. Күннен-күнге спорт алаңдары жарамсыз күйге айналып бара жатыр. Әрбір тұрғын өз игілігі үшін, балалардың болашағы үшін мемлекет жасап бірген дүниені сақтап қалуы тиіс. Сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдар балаларды ынталандырып спорттық жарыстар ұйымдастырса дейміз. Көше бойында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей бар. Ұстаздар қауымы осы аулада тұратын балаларға сабақ беретіні сөзсіз. Сондықтан мүлікті бүлдірмеу, сындырмау жөнінде ақылдарын айтса деген тілек бар. Күтіп ұстасақ, игілігін көпшілік көріп, ұзақ уақытқа шыдайтыны белгілі.

Сәуле ЕРІМБЕТ,
ардагер-журналист

12 сәуір 2022 ж. 444 0